Ертіс ауданында өлкетанушының құрметіне зияткерлік ойын өткізілді

Ертіс ауданында өлкетанушының құрметіне зияткерлік ойын өткізілді

Оқушылар танымдық сұрақтарға жауап беріп, қызықты сынақтарды бағындырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ертіс жалпы орта білім беру мектебінде балалар ақыны Мүбәрәк Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойы аясында №2 «Алтын қақпа» атты зияткерлік танымдық ойыны өтті. Ойынның мақсаты: ақынның шығармашылығын насихаттау, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, келешек ұрпақты әйгілі жерлесіміздің әдеби мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру. Ережеге сәйкес ойын зияткерлік сайыс түрінде өтті, онда әр кезеңде топ мүшелері «Тас»,«Күміс», «Алтын» қақпаларды және сандықты ашу үшін сынақтардан өтті. Ойыншылар ақынның шығармашылығын тану бойынша сынға түсті: тапсырмаларды орындап, сурет салып, бейнежазбадағы сұрақтарға жауап берді. 

Мысалға, Мүбәрәк Жаманбалинов қашан, қай жерде дүниеге келді, оның алғашқы туындылары қандай баспада және қай жылы жарық көрді сияқты сұрақтар қойылды. 

Сондай-ақ, оқушылар поэмаларды мәнерлеп жатқа айтты. Әділ қазылар алқасының құрамында шараның құрметті қонағы, ақынның ұлы Талап Жаманбалинов, №2 Ертіс орта мектебінің мұғалімі, бастауыш сыныптарға арналған «Мүбәрактану» оқу -әдістемелік бағдарламасының авторы Нұржанат Бейсенбаева болды.

Ойын соңында қатысушылардың барлығы білім бөлімінің мадақтамаларымен марапатталды.

Білім бөлімінің жоспарына сәйкес, ақынның мерейтойы аясында барлық мектептерде ақынның туған-туыстарымен кездесулер, викториналар, шығармашылық кештер, мәнерлеп оқу байқаулары, аудан мұғалімдері арасында үздік ғылыми жоба байқауы өткізілуде. Сондай-ақ мамыр айында №2 Ертіс орта мектебінде М.Жаманбалиновтың құрметіне кабинетін ашу жоспарлануда.