«Жаңа мамандықтар атласы»: Павлодарда алғашқы түлектер шығады
Олар сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы «Кадрлар даярлауды жетілдіру» үшін 2021 жылы ERG қолдауымен бірінші болып «Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің өңірлік атласы» жобасын іске асырды. Өнеркәсіп пен білім берудің ұйымдастырылған форсайт-сессиялары барысында Павлодар облысы үшін ең өзекті 40 жаңа кәсіп пен құзырет құрылды.
– 2024 жылы өңірде жақын арада сұранысқа ие болатын 40 мамандық енгізілді. Облыс колледждерінің 8000-нан астам студенті оқумен қамтылды. 2025 жылы «Жаңа мамандықтар атласының» жаңа мамандықтары бойынша алғашқы түлектер түлеп шығады, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина.
Оның айтуынша, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыстың 50 мектебінде кадрлар даярлаудың 30 бағыты бойынша 50 бейінді сынып ашылады. Облыстың 8-9-сынып оқушыларының 2100-ден астамы оқытумен қамтылады.
– 37 өңірлік колледждер мектеп базасында ұйымдастыру, педагогикалық, медициналық сыныптар, автомобильдерді жөндеу, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығын механикаландыру және металдарды өңдеу технологиялары бағыттары бойынша оқытуды ұйымдастырады, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, шетелдік серіктестерді тарта отырып, облыстың бес колледжінің халықаралық аккредиттеуден өтуі жоспарланған.
Аккредиттеу жұмысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Қазір Ақсу қаласының екі колледжі халықаралық аккредиттеумен айналысатын агенттікке өтінім берген.
Сондай-ақ іс-шараларға жұмыссыз халықты мансап орталықтары арқылы оқыту және қайта даярлау, облыс колледждерінің базасында 180 адамды жұмысшы және танымал кәсіптерге қайта даярлау кірді.