Павлодарлық бүлдіршіндердің шеберліктері сынға түсті
Бастауыш сынып оқушылары «Baby Skills» байқауында өз қабілеттерін танытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар сервис және қызмет көрсету колледжі базасында бастауыш сынып оқушыларына арналған «Baby Skills» байқауы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – балаларды ерте жастан кәсіптіке бағдарлап, олардың шығармашылық қабілетін дамыту.
Колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Жұлдыз Мұқанованың айтуынша, мұндай жобалар балалардың болашақ мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік береді.
– Бұл байқаудың негізгі мақсаты – бүлдіршіндерді ерте жастан кәсіптік бағытқа бағдарлау, яғни болашақ қызмет бағыттарын таңдауға біртіндеп дайындау, – деді ол.
Байқау тігін өндірісі бағыты бойынша ұйымдастырылып, қатысушы қыздар фетр матасымен аппликация әдістерін пайдаланып, шағын сөмке әзірледі. Жұмыс барысында олар қол еңбегінің қыр-сырын меңгеріп, шығармашылық ойларын іске асырды.
Жалпы байқауға қаланың бес мектебінен келген бастауыш сынып оқушылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба өңірлік «WorldSkills» чемпионатының ашылу аясында өткізіліп, алдағы «Junior Skills» және «Abilympics» байқауларымен жалғасады.
Колледжде мұндай бастамалар сегіз жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және оның нақты нәтижесі бар.
– Өңірлік кезеңде жеңімпаз атанған қатысушылар кейін республикалық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр, – деді Жұлдыз Мұқанова.
Байқауға қатысушылар үшін бұл тек жарыс емес, жаңа дағды үйренудің алаңы болды. Қатысушылардың бірі өз жұмысына ерекше стиль таңдағанын айтты.
– Маған қара және ақ түстер ұнайды, сондықтан сөмкемді осы түстерде жасағым келеді. Бұған дейін қолөнермен көп айналыспағанмын, бірақ бүгін жаңа нәрсе үйренгім келеді. Шағын сөмкемді моншақтармен және қызғылт сары қауырсынмен әсемдегім келеді. Ыстық желім пистолетімен жұмыс істеп көрмеппін, бүгін соны үйренемін деп ойлаймын, – деді Рамина Бектемірова.
Айта кетейік, «Baby Skills» қатысушылары толықтай сертификаттармен және шағын сыйлықтармен марапатталды.
Еске сала кетейік, «Baby skills» жарысына қатысқан бүлдіршіндер бұған дейін аспаздық бағыт бойынша бақ сынаған болатын. Аталған кезеңде бүлдіршіндер пицца мен сүтті сусын дайындап, жас мейрамханашылар ретінде дастарханды сәндеуден жарысты. Осылайша, жоба әртүрлі бағытты қамтып, балалардың қызығушылығына қарай қабілеттерін ашуға мүмкіндік беріп келеді.