Павлодарда қосымша білім беру педагогтері кәсібиліктерін шыңдады

Олар заманауи оқытудың тәсілдерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында Павлодар облысының дарынды қосымша білім беру педагогтері арасында байқау өтті.
Бұл байқау жай ғана жарыс емес, тәжірибе алмасу, инновациялық идеялар мен шығармашылық шабыт үшін нағыз алаңға айналды. Қатысушылар өздерінің әдістемелерін, педагогикалық шеберліктерін және өз ісіне деген шексіз сүйіспеншіліктерін көрсетті. Байқау екі кезеңнен өтті.
Іріктеу кезеңі қашықтықтан 23 педагог арасында ұйымдастырылды. Қатысушылар білім беру бағдарламалары, әдістемелік әзірлемелер, жеке және тәрбиеленушілердің жетістіктері туралы портфолио ұсынды.
Қазылар алқасы әдістемелердің инновациялығын, педагогикалық технологиялардың тиімділігін және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының принциптеріне сәйкестігін бағалады. Іріктеу нәтижесінде финалистер анықталды.
Финалға өткен 10 педагог Оқушылар сарайының тәрбиеленушілерімен шеберлік сыныптарын, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттарын өткізіп, заманауи білім беру технологияларын және балаларды оқу процесіне тартуды көрсетті. Содан соң қатысушылар педагогикалық тәжірибелері мен табысты жобаларын таныстырды.
– Қазылар алқасы ең үздіктерді таңдады. Алайда әр қосымша білім беру педагогі – бұл білім мен талант, шығармашылық әлеміне жетелейтін жетекші ұстаз екенін жақсы білеміз. Жеңімпаздарды және барлық қатысушыларды құттықтаймыз, – деп атап өтті байқау ұйымдастырушысы, Оқушылар сарайының әдіскері Айнұр Әлханова.
Бірінші орынды Екібастұз қаласының «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің ұстазы Мадина Хамзина иеленді. Ол «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде оқытуға заманауи көзқарасты, инновациялық әдістерді және ұлттық мәдениет элементтерінің терең интеграциясын көрсете отырып, жасанды интеллектті пайдаланып, сабақ өткізді. Өткізілген сабақ озық технологиялар мен дәстүрлі құндылықтарды қосымша білім беруде біріктірудің, оқушыларды шабыттандырудың және олардың шығармашылығын ашудың жарқын мысалы болды.
Мұндай кешенді және инновациялық тәсіл мұғалімнің жоғары кәсібилігін көрсетіп қана қоймай, қосымша білім беру жүйесін дамытуда жаңа көкжиектер ашады.
Фото: Оқушылар сарайы ұсынды