Павлодарлық студенттер жерлес ақынымызға жыр арнады

Павлодарлық студенттер жерлес ақынымызға жыр арнады
Фото: Автор

Ақын, журналист Шолпан Байғалымен клуб отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Павлодар қаласының Құрметті азаматы, ақын, журналист Шолпан Байғалымен өткен кездесуге «Құс қанат ғұмыр» клубының мүшелері және поэзияға жақын жандар қатысты. Ақынның өмірбаяны айтылып, жазған өлеңдері оқылды. Клубтың жас ақыны жерлес ақынға арнайы жазған өлеңін оқыды.

Бала кезінен өлең жазып өскен ақынның алғашқы өлеңдері Қызыл таң ауылында 7 сыныпта оқып жүргенде республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында одан кейін облыстық «Қызыл ту», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарық көрген. Тұңғыш жазған «Ауылым», «Туған жер» деген өлеңдеріне жергілікті сазгер Мейрам Ермекбаев ән жазған.

70-80-ші жылдары облыста ақындар айтысын қайтадан жандандыруға ат салысып, алғашқы айтысқа шыққан айтыскер қыздардың бірі. «Достық шеңбері», Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына арналған айтыстарда жүлделі орындарды иеленген. Тоқсаныншы жылдары Алматыда өткен республикалық Наурыз айтысы мен Қызылжарда өткен Мағжан Жұмабаевтың, Көкшетауда өткен Ақан Сері Қорамсаұлының, Шымкентте өткен Қажымұқан Мұңайтпасовтың республикалық айтыстарына қатысқан.

–  Өлеңде, әрбір шыққан кітаптарымның ішінде менің тағдырым, менің замандастарым, менің мінезім, жалпы өмір сүрген ортам баяндалады. Қазіргі уақытта «Таңшолпан» кітабының жалғасын жазып жатырмын, алдағы уақытта оқырмандарыма ұсынылады, – дейді Шолпан Байғалы.

Жастайынан жетім қалып ауылда өскен ақын күнделік жазуды үйренген. Сол күнделіктің арқасында өміріндегі шынайы өткен оқиғаларды қағаз бетіне түсіріп, оқырмандарына нақты жағдайларды жеткізуге тырысқан. Сол шынайы өмірді жазғаны үшін де бірталай қиыншылықтарға ұшырағанын да жасырмады.

Айта кетейік, ақынның осыған дейін «Менің тәтті тағдырым» атты өлеңдер жинағы, «Сағым уақыт» атты эссе, «Таңшолпан 1» секілді өз өмірі туралы жазған кітап жинақтары шыққан.