Павлодарлық жас музыканттар «Күй шебері» байқауында шеберліктерін паш етті
Орындаушылық шеберлік, сахналық костюмдер мен музыканттардың әртістігі бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Күй шебері-2026» байқауына қатысуға жиырмадан астам ансамбль өтініш берді.
Павлодар ауданы Луганск орта мектебінің оқушылары үшін бұл – үлкен сахнадағы алғашқы өнер көрсету. Осы уақытқа дейін олар мектепішілік және аудандық деңгейдегі концерттерге қатысқан. Жас домбырашылар екі күй дайындады – «Келіншек» және «Ер тұран». Біріншісі жас әйелдің нәзіктігі мен сұлулығын дәріптейтін лирикалық шығарма болса, екіншісі – көшпелі халық өркениетінің ұлылығы, батырлар рухы және қазақтың көне музыкалық дәстүрлерін сақтауға арналған күй.

14 жастағы Полина Борисова ансамбльге бір ай бұрын қосылған. Домбыра үйрену шешімін ол сахнадағы балаларды көргеннен кейін қабылдаған. Ата-анасы қызының бастамасын қолдап, жақын арада домбыра сатып алмақ.
– Алғашында жай қызығушылық болды. Өзім де байқап көргім келді, бірақ бірден үйрене алмадым. Кейін біртіндеп түсіне бастадым. Маған домбыраның үні қатты ұнайды, өте әдемі. Болашақта оқуды жалғастырып, қазақ халқының фольклорлық музыкасын терең меңгергім келеді, – дейді Полина Борисова.

Мектеп психологі Светлана Баймағамбаеваның айтуынша, домбыра үйірмесі мұғалімдердің бастамасымен бір жарым жыл бұрын ашылған.
– Павлодардан кәсіби музыкант келіп тұрады, сабақтар аптасына бір рет өтеді. Ата-аналар балаларға аспаптар сатып алды, олардың шығармашылығын қолдайды. Барлығы 12 бала тұрақты қатысады. Ансамбль құрамын кеңейтуді мақсат етеміз. Демеушілердің көмегімен сахналық костюмдер тігіп, жаңа аспаптар алғымыз келеді. Әзірге ұжымға атау ойластырған жоқпыз, біз әлі жас ансамбльміз, – дейді Светлана Баймағамбаева.

Байқауға тәжірибелі қатысушылар да келді. Аққулы ауданындағы өнер мектебінің домбырашылары үш жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Мектеп директорының орынбасары Жансұлу Мағауина жас музыканттардың жақында ғана бірігіп, облыстық байқауға қатысуға шешім қабылдағанын атап өтті. Жастар осы тектес байқауда екінші рет бақ сынап отыр.
– Ансамбльде жеті бала бар. Біз «Ата толғау» және «Ерке сылқым» күйлерін орындаймыз. Байқауға мұқият дайындалдық: балалар өздері костюмдерге тапсырыс берді, этностильді таңдады. Қазақ ою-өрнектерінің әсемдігін көрсету үшін қоңыр түстерді таңдадық, ол көшпенділердің шексіз даласын бейнелейді, – деді Жансұлу Мағауина.
Байқау ережесіне сәйкес ансамбль кез келген екі күйді орындай алады – халықтық немесе авторлық, бірақ әндік шығармалар емес. Сондай-ақ сахнаға педагог немесе концертмейстер ансамбльмен бірге шығуына рұқсат етіледі.
Қазылар алқасының мүшесі, Павлодар музыкалық колледжінің қазақ халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі Жасқайрат Орынбаев байқаудың басты мақсаты мектептік ансамбльдерді қолдау екенін айтты.
– Мұндай шаралар балалардың шығармашылық тұрғыдан өсуіне көмектеседі. Көпшілігі кейін колледжге түсіп, оқуын жалғастырып, болашақ мамандығын таңдайды. Ең бастысы – сахна тәжірибесін жинақтау, – деді Жасқайрат Орынбаев.
Жеңімпаздар Гран-при мен I, II, III дәрежелі дипломдарға ие болады. «Күй шебері» байқауы он жылдан астам уақыт бойы ұйымдастырылуда.