Павлодарлық университетте криминалистика аудиториясы ашылды

Павлодарлық университетте криминалистика аудиториясы ашылды
Фото: Торайғыров университеті.

Бұл аудитория Рүстем Қайдаровтың құрметіне арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, әділет генерал-майоры, КСРО ІІМ еңбек сіңірген қызметкері және ҚР Ішкі істер ардагері Рүстем Қайдаровтың құрметіне криминалистика аудиториясының салтанатты ашылуы өтті. 

Рүстем Есімханұлының жоғары білім беру жүйесіне де тікелей қатысы бар. Ол ҚазМЗУ криминалистика және сот сараптамалары кафедрасын басқарды және білікті заңгерлерді даярлауға көмектесті. 

– Университет аудиториясына ұлы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің және басқа тұлғалардың есімдерін беру дәстүрі көптен бар. Осылайша, біз өз ісімен үлкен табыспен айналысқан, қоғамға пайда әкелуге тырысқан және өзі туралы ғана емес, замандастары мен болашақ ұрпақтары туралы ойлаған адамдарға құрмет көрсетеміз. Рүстем Есімханұлы Қайдаров дәл осындай адам болған. Ол өз Отанын жақсы көретін және отандастарына тек жақсылық тілейтін патриот болды. Дәл осындай адамдардан бүгінгі жастар үлгі алуы тиіс, – деп атап өтті ректор Еркін Садықов.

Рүстем Қайдаров ҚР және ТМД басылымдарындағы ғылыми мақалалар мен жарияланымдардың авторы, қазақ КСР қылмыстық іс жүргізу кодексіне түсініктеме авторларының бірі, ТМД Парламентаралық Ассамблеясында бірқатар модельдік кодекстерді әзірлеу бойынша ҚР Парламентінің жұмыс тобының құрамына кірді.

Ғылыми-педагогикалық салада көп жұмыс атқарған: ҚР ІІМ және МТК тергеу қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарында сабақ берді. 

Айта кету керек, Торайғыров университетінде заттай дәлелдемелерді алу және зерттеу бойынша практикалық сабақтарға арналған арнайы жаттығу кешені орналасқан криминалистикалық полигон жұмыс істейді. Бұл полигон елдің құқық қорғау жүйесінде жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды шыңдауға, сондай-ақ болашақ түлектердің кәсіби даярлығын арттыруға көмектеседі.