Ақсуда желден майысқан мектепті жылытатын қазандықтың түтін мұржасы жөнделді
Дауылдың салдарынан зардап шеккен білім мекемелерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары барысында Пограничник ауылының Б.Момышұлы атындағы орта мектебіндегі қайта қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. 17 қараша күні мектептен 250 метрде орналасқан жылу қазандығының 24 метрлік түтін мұржасы екіге майысып қалды. Білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұловтың сөзінше, жөндеу жұмыстары бірден жүргізіле бастады.
– Бұл жұма күні орын алғандықтан оқу үрдісіне кедергі болмады. Екі күн ішінде қайта құрып, жаңасына ауыстырдық. Түтін мұржасы майысқан кезде түтін шығатын жер болмай қалды, сондықтан да оны екіге кесіп, бөлшектедік. Пеш жағуды тоқтатқан жоқпыз. Қазір барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр,– деді ол.
Оның айтуынша, соңғы рет 2017 жылы пештің түтін мұржасы ауыстырылған болатын. Қалпына келтіру жұмыстарына үш миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Ақсудың 10 білім мекемесінде дауылдың салдарынан зардап шекті. Мектептердің жұмсақ және қатты шатырын ұшырып жіберген. Жөндеу жұмыстарын желтоқсанның басына дейін аяқтайды деп жоспарлануда.
Жалпы 2006 жылы іргетасы қаланған мектепте екі ауысыммен 238 оқушы білім алады. Мектеп директоры Қоядар Таварханның сөзінше, мектепте едендер ауыстырылып, ағымдағы жөндеу жасалды. Ол Асайын Байхановқа заманауи кабинеттерді көрсетіп, оқушылардың республика деңгейінде жетістіктерді атап өтті.