Ақсуда оқушылар экскаватор құрастырып, жүк көлігін көтеретін көпір жасады

Ақсуда  оқушылар экскаватор құрастырып, жүк көлігін көтеретін көпір жасады
Фото: Константин Шелков

Мұндай мүмкіндікті 150 балаға ERG STEM олимпиадасы аясында ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Астаналық STEM компаниясының директорының орынбасары Жаңбырбай Мейіржанның айтуынша, мұндай зияткерлік-практикалық жарыс бейіндік мамандықтарға қызығушылық танытатын балаларды анықтауға бағытталған және оларға болашақ мамандығын таңдауға көмектесуді көздейді. Ал ERG компаниясы үшін бұл – әлеуетті мамандарды анықтау, кадр резервін қалыптастыру және оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап сұранысқа ие бағыттармен таныстыру мүмкіндігі.

– Олимпиадаға Павлодар облысының түкпір-түкпірінен бесінші сыныптан бастап оқитын оқушылар қатысады. STEM инженерияны, математиканы, бағдарламалауды және үшөлшемді модельдеуді біріктіреді. Олимпиадалық тапсырмалар аясында балалар мектепте алған білімдерін тәжірибеде қолдануды және олардың нақты өмірде қай жерде қажет болуы мүмкін екенін түсінуді үйренеді, - деді ол.

Тапсырмалардың бірі экскаватор құрастыруға арналған. Қатысушылар алдын ала дайындалған ағаш және ПВХ материалдарынан жасалған бөлшектерді пайдаланып, нұсқаулық бойынша экскаваторды жинайды.

– Мұнда жай ғана макет емес, төрт гидравликалық жүйемен жабдықталған экскаватордың прототипі туралы сөз болып отыр. Балалар белгілі бір функцияларды орындауы тиіс осы жүйелер мен механизмдерді өздері жасайды, – деп түсіндірді сұхбаттасушы. – Екінші тапсырма көпір құрастыруға арналған. Қатысушыларға қажетті материалдар мен шарттар беріледі, ал олар физика заңдары туралы білімдерін пайдаланып, құрылымды өз бетінше әзірлеуі керек. Салынған көпірдің үстінен жүк көлігі өтуі тиіс. Әр командада үш бала бірігіп жұмыс істеді. Нәтижеге жету үшін міндеттерді дұрыс бөліп, бірлескен жұмысты ұйымдастырып, уақытты ұтымды пайдалану қажет болды. Мұндайда әр қатысушының техникалық дағдылары жеткілікті болғанымен, командалық өзара әрекеттестіктің болмауы сәтсіздікке әкелуі мүмкін еді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл олимпиадаға 50 командаға бөлінген 150 адам қатысты. Жарысқа оқушылармен қатар мұғалімдер де атсалысты. Бұл педагогтерге STEM бағытымен танысуға, практикалық тапсырмаларды орындап көруге және олардың күрделілігі мен балалар үшін қаншалықты қызықты екенін бағалауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

– Қатысушыларды бағалау жүйесі ұпай жинауға негізделген. Бағалау критерийлері мен қосымша ұпай есептеу шарттарын белгілейтін төрешілер бұл жүйені әзірлеп, келіседі. Экскаваторды құрастырғаны үшін белгілі бір ұпай беріледі, ал оның жұмыс істеу қабілеті үшін қосымша баға есептеледі. Егер экскаватор белгіленген нормадан асатын жүкті тиеуге қабілетті болса, қатысушы бонус ұпайын алады, – деп мысал келтірді Жаңбырбай Мейіржан. – Көпірлерді бағалауда да осыған ұқсас қағида қолданылады. Жүк көлігі көпірдің үстінен өтуі керек, ал көпір жүктемеге төтеп беріп, оның астында кемінде бес секунд тұруы тиіс. Белгіленген нормативтен жоғары жүк көтергіштігі үшін қосымша баға беріледі. Мұндай жүйе балаларға жекелеген бөлшектер мен механизмдердің өзара байланысын көруге, әр құрылымның мақсатын түсінуге және нағыз техниканың жұмыс істеу қағидаларын ұғынуға мүмкіндік береді.

Іс жүзінде бәрі алғаш көрінгендегідей оңай болмады. ПВХ пластиналарынан, резеңкелерден, шприцтерден және бағыттаушы түтіктерден инженерлік құрылым құрастыру кез келгеннің қолынан келе бермеді. Бірақ құрастыруды сәтті аяқтағандардың өзіне келесі міндетті шешуге тура келді. Яғни механизмді қозғалысқа келтіру. Бұл жерде де барлығы бірдей өз білімдерін тәжірибеде қолдана алмады.

Дегенмен құрылым сынақ стендінде іске қосылған күннің өзінде, бұл әлі табысқа жетуге кепілдік бермеді. Экскаватордың шөмішін басқарып, топырақты іліп алып, оны ойыншық самосвалдың кузовына ұқыптап салу қажет болды. Бір қарағанда, бұл оңай міндет сияқты көрінгенімен, іс жүзінде дәлдікті, ептілікті және қарапайым гидравликалық механизмнің жұмыс істеу қағидасын түсінуді талап етті.

Көпір салу түріндегі екінші сынақ та оңай болған жоқ. Мұнда да барлығы бірдей қалаған нәтижеге қол жеткізе алмады.

– Тапсырманы орындауға берілген үш сағаттың барлығын жұмсадық. Негізгі назарды берік көпір жасауға аудардық. Экскаваторды да құрастырып шықтық. Біздің құрылымда қозғалыс су арқылы жүзеге асады. Су – сығылмайтын сұйықтық, ол қысымды жеткізеді. Құрылғыда төрт шприц қарастырылған. Олардың біреуін басқанда, құрылым 360 градусқа бұрылады. Тапсырар алдында құрылғыны тексердік – бәрі жұмыс істеп тұр, – деп әсерімен бөлісті Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Елисей Реснянский. – Біз арнайы дайындалмадық, тіпті іс-шараның осындай форматта өтетінін де білген жоқпыз.

Алайда ұйымдастырушылар уәде еткендей, қатысушыларды бағалау балдық жүйе бойынша жүргізілді. Нәтижесінде қиындықтар мен сәтсіздіктерге қарамастан, жүлдегерлер анықталып, ең мықты командалар өздерінің артықшылығын біліммен ғана емес, оны тәжірибеде де қолдана білді.

– STEM олимпиадасының нәтижелері – білімдеріңіз бен дағдыларыңызды тексерудің мүмкіндігі. Бүгін қатысқан әр адамның мол тәжірибе жинап, өзінің мықты тұстарын жақсырақ түсіне алғаны өте маңызды. Енді қай бағытта әрі қарай даму керектігін білесіздер, – деп атап өтті «ЕЭК» АҚ таланттарды дамыту жөніндегі жетекшісі Ирина Ходарева. – Жастардың техникалық мамандықтарды таңдауы біз үшін өте маңызды. Тау-кен металлургия кешені мен энергетика саласына білікті әрі білімді мамандар қажет. Болашақта сіздер біздің командамыздың бір бөлігі болып, саланың дамуына үлес қосасыздар деп үміттенеміз.

Бес орынның – үш жүлделі және екі ынталандыру орнынан басым бөлігін павлодарлықтар иеленді. Үшінші орынды Ақсу қаласындағы №7 орта мектептің командасы, екінші орынды Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, ал бірінші орынды Павлодардағы дарынды балаларға арналған №3 гимназия жеңіп алды.

Сайыс қорытындысында барлық тарап белгілі бір нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, ұйымдастырушылар мен серіктес компаниялар дарынды оқушыларды анықтап, олардың өндірісте сұранысқа ие техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік алды. Қатысушылар инженерлік тапсырмаларды орындау арқылы өз қабілеттерін сынап, болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадам жасады. Ал сала кәсіпорындары келешекте білікті маман болатын жас буынды тартуға жол ашты.

Серіктестік материал