Павлодар облысындағы шағын ауылда заманауи мектеп салынады
Бүгінде ауылдағы негізгі нысандардың бірі – мектепті жаңарту қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Аққулы ауданының Тілектес ауылына жұмыс сапарында ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағдарламасының орындалу барысымен танысты.
Тілектес мектебі 1972 жылы салынған. Білім ордасында 17 мұғалім жұмыс істейді, 50 бала екі ауысымда оқиды. 2019 жылдан бастап мектепті Айнұр Бекпауова басқарады.
Биыл 70 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған. Жаңа білім ордасында спорт залы, жайлы да жылы кабинеттер, қазандық, ауласында футбол алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолы болады.
Мердігер «First National Construction» жұмысты 2025 жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлауда.
– Ақпан айында кірпіш қалауды бастаймыз, ал жазда мектепті 1 қыркүйекке дейін аяқтау үшін абаттандыру жұмыстарын бастаймыз. Нысанды толықтай аяқтап тапсырамыз. Оның ішінде футбол алаңы, абаттандыру, қазандық орнату жұмыстары бар, – дейді компания өкілі.
Сондай-ақ су құбырын тарту да жоспарда бар. Бұған дейін мектепке су құдықтан жеткізілген. Ғимараттың жертөлесінде тазалау құрылғылары орнатылады.
– Ауыл тұрғындарының өтінішін жерде қалдырмай, жан-жақты қарастырдық. Шыдамдылық танытқандарыңыз үшін алғыс. Құдай қаласа, жақында мектептің ашылуын тойлаймыз. Балалар қоғам мен ел игілігі үшін еңбек ететін лайықты тұлға болып өседі деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов Аққулы ауданына жұмыс сапары аясында жаңадан салынған медициналық пунктті аралап шықты.