Павлодарлық волонтерлер халықаралық сыйлықтың иегерлері атанды

Павлодарлық волонтерлер халықаралық сыйлықтың иегерлері атанды
Фотосуретті Ризат Рақымжанов ұсынды

Ең көп марапат «Павлодар VITA іздеушілері» ұйымы мен оның волонтерлеріне бұйырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдан бері жыл сайын тапсырылып келе жатқан «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының биылғы жеңімпаздары анықталды. Астанада өткен конкурстық комиссияның қорытынды отырысында 15 номинация бойынша қабылданған 118 өтінімнің ішінен 46 үміткер лауреат атанды.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рақымжановтың мәліметінше, салтанатты марапаттау рәсімі 5 желтоқсанда Астана қаласында өтті. Биыл Павлодар облысынан жалпы 12 лауреат – екі қоғамдық бірлестік және он жеке волонтер – халықаралық сыйлықтың иегерлері атанды.

Өңірлік лауреаттарды екі негізгі топқа бөлуге болады. Бірінші топты «Павлодар VITA іздеушілері» қоғамдық бірлестігі және оның белсенді волонтерлері құрайды.

Бұл топтағы лауреаттардың саны ерекше көп. Ұйымның өзі «Үздік волонтерлік ұйым» номинациясын жеңіп алды. Ал «VITA» жетекшісі Екатерина Кудрявцева «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша марапатталды. «VITA» волонтерлері арасында Самал Дюсенбаева «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін», Вероника Шахманова «Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін», Оксана Чубинец «Бейбітшілікті, достықты және келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін», Венера Смағұлова «Білімді насихаттауға қосқан үлесі үшін», Наталья Медведева «Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін», Ольга Винтер «Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшылары», ал Александра Леонтьева «Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін» номинацияларының иегерлері атанды.

Екінші топқа қалған үш лауреат кіреді. «Павлодар іздестіру-зерттеу жасағы «Майдан жолы» қоғамдық бірлестігі «Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясын алды. Наталья Пауль «Із-түссіз жоғалған адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар, ЖБДО волонтері Дария Тохтар «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылы сыйлықтың лауреаттары атанған 46 қазақстандық волонтермен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Түркиядан келген төрт волонтер марапатталды.

Бұдан бөлек, «Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитовтың тарихи жадыны сақтауға қосқан үлесі Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы Комитеті төрағасының бірінші орынбасары Олег Смолиннің Алғыс хатымен де атап өтілді.

Сонымен қатар, министрліктің мәліметі бойынша, салтанатты рәсімде «Игі істер марафоны» республикалық жобасы қорытындыланды. Марафон барысында қазақстандықтар тоғыз мыңнан астам игі іс атқарып, жобаға жалпы 40 мыңға жуық адам қатысқан.