Павлодарлық жанкүйерлер рекорд орнатты
Орталық стадионда павлодарлық дерби орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екінші лига командалары арасындағы футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында «Ертіс» «Ақсумен» кездесті. Стадионға сегіз мыңдай адам жиналды. Бұл – «Ертістің» сонау еурокубоктарда ойнаған кезінен кейінгі алғашқы жинаған аншлагы, ал Екінші лига үшін тіпті рекорд десек болады.
«Ертістің» бас бапкері Николай Гавриш жасыл алаңға барлығы дерлік мықты ойыншыларын шығарды. Дисквалификациядан кейін негізгі құрамға Артем Попов оралды. Бірден айта кету керек, орталық жартылай қорғаушы жасыл майданда үздік болды.
Тимур Байжанов жоқта капитандық белгіні таққан Руслан Есімов те барынша тырысты. Алмас Әбдуәлиев те қай кездегідей белсенділік танытты. Алайда, «Ертістің» футболшылары шешуші кезде дәлдік көрсете алмай, айып алаңы алдында жаңылып жатты. «Ақсу» болса, керісінше, өте сауатты қорғанып, «Ертістің» шабуылдарына еш саспастан тойтарыс беріп отырды.
Рахман Асуханов баптаған жігіттердің ішінде капитан Дархан Базылов, Данил Денисов және Владислав Богданов ерекше көзге түсті. Соңғысы шабуыл өтінде зыр жүгіріп, бес дүркін чемпионның қорғаушылары Бақтияр Төлеуов пен Павел Баркуновты әбден састырды. Бірінші тайм соңына таман «Ақсу» белсенді шабуылдауға көшті. Сәттердің бірінде Данил Денисов есеп аша жаздады, бірақ оның баспен соққан әрекетіне дәлдік жетіспеді.
Екінші тайм басында «Ертіс» қарқынды үдетті. Руслан Есімов айып алаңына еніп, әріптесіне пас бермек болды. Доп қарсыласқа тиіп еді – төреші Нұрсұлтан Әлібеков ойланбастан «нүктеге» қол созды – пенальти. Он бір метрлік айып соққысын Арман Смайылов дәл орындады.
Гол жіберіп алғаннан соң «Ақсу» есепті теңестіруге тырысты. Шабуылдардың бірінде «қызылдардың» шабуылшысы Әлихан Ынтықбаевты қорғаушылар айып алаңында шалып құлатты. Дегенмен, төреші пенальти беру түгілі шабуылшыға симуляция үшін сары қағаз көрсетті.
Матч соңына таман «Ертіс» есепті еселеді. Қарымта шабуылдардың бірінде жасыл алаңға шыққан Тимур Байжанов әріптесі берген пасты кәдеге жаратты – 2:0. «Ертіс» турнир кестесінде қарағандылық «Шахтер» жастарын ұпай саны бойынша қуып жетті. Бірақ, кеншілердің бір ойыны кем.