«Ертіс» футболшылары «элиталық» орыннан сырғыды

«Ертіс» футболшылары «элиталық» орыннан сырғыды
Фото: Ольга Бугаева

Павлодар командасын ренжіткен команда екібастұздық жерлестерін жерге қаратты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бірінші лиганың 14-турында кеншілер өз алаңында Өскеменнің «Алтайын» қабылдады. Шығысқазақстандықтар алдыңғы ойын күні Павлодарда «Ертісті» ұтты. Алтайлықтар бұл жолы да сырт алаңда жеңіске жетті.

Матч баяу басталғанымен, мұндай ойынның өзінде өскемендік команданың шеберлігінің басым екені сезілді. Бірақ қонақтар голды бәрібір екібастұздықтардың тікелей «көмегімен» соқты: қарапайым жағдайда алаң иелерінің қорғаушысы Әліби Оразалы алтайлықтардың пасына тосқауыл қоямын деп допты қарсыласқа беріп қойды. Салдарынан орын алған бұрыштамадан көтерілген допты Артем Тетерин баспен соғып есеп ашты.

Екінші таймда алаң иелері таразы басын теңестірді. Дегенмен, екібастұздықтардың голы сәтті командалық жұмыстың нәтижесі емес, Аслан Сүлейменовтің жеке шеберлігінің арқасында соғылды: кенші ардагері отыз метрдей жерден допты қақпаның жоғарғы бұрышына дәл соқты.

Барлық мықты команда секілді өскемендіктер көп ешбір қиналмастан шабуылдарын қайта бастады. Алаңға аты аңызға айналған Сергей Хижниченко шықты. Көптеген сарапшылар мен жанкүйерлер есептен шығарған шабуылшы әлі де бабында екендігін көрсетті. Финалдық ысқырық соғылуына 15 минут қалғанда қапталдан пас қабылдап, екі қарсыластың қоршауында байсалдылықпен допты алыс бұрышқа шебер бағыттады. Кейін шығысқазақстандықтар тағы бір гол соқты.

Нәтижесінде 3:1 есебімен «Алтай» жеңіске жетіп, соның арқасында өскемендіктер 29 ұпай жинап, екінші орынға көтерілді. Ол Премьер-лигаға қатысу құқығын берді.

«Ертістің» екінші орынды қайтарып алуға толық мүмкіндігі бар. 18 шілдеде команда өз алаңында Ақтөбенің жастар командасын қабылдайды. Ойын 19.00-де басталады, кіру тегін.