Павлодарлық жастарға әлеуметтік желіде сақ болуға кеңес берілді
«Достық үйінде» «Жастар және қоғамдағы жағымсыз құбылыстардың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш іс-шара жастар арасында есірткінің таралуын болдырмау әдістері мен стратегияларын талқылау және діни экстремизмді насихаттауға қарсы іс-қимылға бағытталған. Жиынға «Ассамблея жастары» РҚБ белсенділері, ЖОО студенттері қатысты.
– Бүгінгі күні өзекті тақырыптар төңірегінде видеожазбалар қарау арқылы жастарға диалог алаңын ұйымдастырып, мәселелерді талқыладық. Бұл кездесу пайдалы болады деген ойдамыз. Әсіресе әлеуметтік желілерде жеңіл жұмысқа жүгіріп, экстремистік тақырыптарға арналған жазбалармен бөлісу заң бұзушылыққа жатады. Бұл жағдайлар әсіресе кәмелетке толмаған жастар арасында жиі кездеседі. Кейін олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сол себепті, әлеуметтік желілерде аса сақ болу керек, – дейді Павлодар облысы дін істері басқармасының басшысы Балтабай Каппасов
Оның айтуынша, 17 жастағы жігіт әлеуметтік желілерде қызбен танысқан. Шын мәнінде ойдан құрастырылған болуы мүмкін бойжеткен жігітке өзінің рұқсатын алу үшін ағасымен кездесуі керек екенін айтқан. Кейін ағасы бірнеше интернет-тапсырмаларды орындауды талап еткен. Салдарынан жас жігіт діни экстремизмді насихаттағаны үшін түрмеге тоғытылған.
«Мен бұл адамдармен танысқаннан бері әлем мен үшін ақ-қара болды, одан басқа бояулар жоғалып кетті», – деп еске алады видеодағы сотталушы. – Мен олардың жазбаларын ұнатып лайк қойдым, түсініктеме бердім және репост жасадым. Намаз оқитындар – әділ, ал оқымайтындар – кәпірлер, опасыз және оларға деген көзқарас басқаша болу керек деп ойладым. Егер мен ата – анамды осылай ренжітерімді білсем, бұған ешқашан бармас едім».
Кездесуде конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының өкілі Әсия Әбитова Қылмыстық кодекс тұрғысынан діни экстремизмді насихаттау ұғымын түсіндірді. Араздықты қоздыратын басылымдар, пікірлер, ұнатулар, репосттар мен хабарламалар заңмен қатаң түрде қудаланатынын ескертті.
Дөңгелек үстел жастар мен сарапшылардың кездесуімен ашық диалог алаңы түрінде өтті.
Жиын барысында қатысушылар алдында Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева, Павлодар облысының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы ЖШС директоры Гүлназ Раздықова, Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Анна Куликова сөз сөйледі.
Сондай-ақ, жасөспірімдер өз сұрақтарына жауап алды. Дөңгелек үстелге қатыса алмағандар үшін спикер білікті мамандар жауап бере алатын сенім телефондарын қалдырды: 62-01-01, +7 707 962 01 01. Анонимділікке кепілдік беріледі.
Айта кетейік, осындай дөңгелек үстелдер тоқсан сайын өткізілетін болады. Кездесулер нашақорлық, буллинг сияқты қоғамдағы жағымсыз құбылыстарға қатысты әртүрлі тақырыптарға арналады.