Мұз үстіндегі ит: Павлодарда құтқару оқиғасының егжей-тегжейі белгілі болды
Өткен сенбіде желіде мұз үстінде қалған иттің видеосы жарияланып, павлодарлықтарды толқытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазнет қолданушылары алаңдап, иесін іздеуге үндеу тастады.
Бейнекадрларда балықшының мұздан әлсіреген итті шығарып алғаны көрінеді. Ол Ертістегі мұз көшкіні кезінде суық өзеннің ортасында қаза бола жаздаған.
Жануардың иесін іздеуге жануарларды қорғаушылар қосылып, тіпті, итке жаңа үй іздей бастады.
«Dobrye ruki PVL» қаңғыбас жануарларға көмек көрсету қорының жетекшісі Надежда Гордованың айтуынша, арнайы дайындықсыз және қорғаныс құралдарынсыз балықшылардың ірі итті мұздан аман алып шығуы – нағыз сәттілік.
– Итті Павлодар ауылының бес шақырым жерінен балықшылар құтқарды. Олар бізге хабарласып, егер иесі табылмаса, жануарды қабылдауды сұрады. Біз ролик түсіріп, жарияладық. Павлодарлықтар видеоны топтарға тарата бастады, осылайша иесі табылды, – деді Надежда Гордова.
Қазір қор жанындағы панажайда 200-ден астам ит пен 50-ге жуық мысық бар.
Pavlodarnews.kz тілшісі бұл әсерлі оқиғаның егжей-тегжейін біліп, иттің иесін тапты. Белгілі болғандай, Лаки атты иттен бұрынғы иесі бас тартқан, сондықтан ол Павлодар ауылындағы белсенді демалыс орталығына көшірілген.
Орталық жетекшісі Наталья Байрамованың айтуынша, Лаки мұнда бір жылдан бері тұрады. Қазір орталықта осындай екі асыл тұқымды ит бар.
– Итті бізге әкелгеннен кейін өз күшімізбен оған вольер жасадық. Бұрынғы иесі жағдай жасаймын деп уәде берген, бірақ бәрін өзіміз тұрғыздық. Төбеттің үйшігін тазалау кезінде жануарлар қашып кеткен. Біз өзіміз іздеп көрдік, бірақ таппадық. Мұндай жағдай бұрын да болған: жануарлар вольердің астын қазып шығады, бірақ әдетте қайтып келеді. Екінші ит оралды, ал Лаки жоғалды. Якут лайкасы табиғатынан өте белсенді әрі еркіндікті сүйетін тұқым, – деді Наталья Байрамова.
Ит сол күні-ақ балықшылардың, еріктілердің және бейжай қарамаған павлодарлықтардың арқасында табылды.
Орталықта мұндай жануарлар аз емес. Белсенділігінен иелері бас тартып жатқан хаскилер бар. Сондай-ақ құтқарылған, оңалтудан өтіп жатқан құстар да бар. Аққулар да орталықтан пана тапқан. Қанаттылардың кейбірі ұша алмайтындықтан, жылдар бойы осында тұрады. Орталықта еліктер да уақытша тұрып, кейін табиғи ортаға жіберілген.
Еске сала кетейік, өткен аптада павлодарлықтарды тағы бір оқиға толқытты. Баянауылдық мұғалім қар суынан пайда болған көлшіктен шыға алмаған құлыншақты құтқарып қалды. Жануардың аяғы металлға оратылып қалған. Қазір жануардың жағдайы жақсы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram