Ақтоғайда Ұлттық комиссия мүшелері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті
Жапа шеккен отбасыларға бағалы сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Элмира Каримова, облыс әкімі жанындағы ұлттық комиссияның мүшесі Светлана Шин, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисова Жалаулы ауылына ат басын бұрып, су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен кездесу өткізді.
Құрметті қонақтарды қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова табиғаттың тосын мінезіне тап болған жалаулылықтар есеңгіреп қалмай, сабырлық танытып, жұдырықтай жұмыла білгенін атап өтті.
– Шара соңында Элмира Каримова 14 отбасыға ас үйге арналған (микротолқынды пеш, кеселер жиынтығы, шәйнек) бағалы сыйлықтар табыстады, – деді баспасөз орталығында.
Құрметті меймандар тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты.