Павлодарлық жазушы: “Ұлттық брендті дамыту керек”

Павлодарлық жазушы: “Ұлттық брендті дамыту керек”

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, “Құрмет” орденінің иегері Ғалымбек Жұматовтың пікірінше, Сұлтан Бейбарыс - осы тұрғыда жан-жақты ұлықтауға лайық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жазушы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан - Адал азамат” Ұлттық құрылтайының екінші отырысындағы сөзін қуанышпен қарсы алғанын айтады.

- Ұлттық символиканы жетілдіру туралы Президент сөзін толық құптаймын, - дейді Ғалымбек Жұматов. - Биыл ұлы бабамыз - Сұлтан Бейбарыстың 850 жылдығы аталуда. “Ел бірлігі” мемлекеттік наградасы осындай тұлғаларымызды ұлықтаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мемлекет басшысының ойын әрі қарай дамытқан Ғалымбек Жұматов мемлекеттік рәміздерді де уақыт талабына сай өзгертуді ұсынды.

- Қазақстанның бірінші гимнін қайтарудың кезі келді. Ол мемлекеттік гимн деген ұғымға көбірек сай келеді. Кезінде Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский мен Мұқан Төлебаев секілді майталмандар осы шығарманы гимн ретінде өмірге әкелді. Сондай-ақ ел болып Қазақстан туын жаңарту керек деп есептеймін. Ол үшін көк-сары-ақ жолақтар лайық. Бұл түстер еліміздің болмысын жаңа нұсқада, Жаңа Қазақстанды көрсетер еді, - деп есептейді жазушы.

Ғалымбек Жұматов өңірлік таңбаларды, оның ішінде Павлодар облысының таңбасын өңір табиғатына сай ауыстыру керектігін де айтып өтті.