Павлодарлық тұрғын құрған қаржы пирамидасы үш айда 140 миллионнан астам шығын әкелді

Павлодарлық тұрғын құрған қаржы пирамидасы үш айда 140 миллионнан астам шығын әкелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар қаласында «Автолюкс» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының басшысы Арман Ізбастыновтың мәлімдеуінше, аталған іс бойынша 71 адам жәбірленуші деп танылып, келтірілген жалпы шығын көлемі 141,2 миллион теңгені құрады.

Тергеу барысында заңсыз жиналған қаражатқа автокөліктер сатып алынғаны анықталды. Сот шешімімен жобаны ұйымдастырған Павлодар қаласының тұрғыны алты жылға бас бостандығынан айырылды.

– Анықталғандай, бұл схеманы қаладағы жас азамат ойлап тапқан. Ол тұрғындарға Kaspi Pay арқылы «дүкен ашамыз, тауар айналдырамыз, өнімдерді арзан бағамен сатамыз» деген ұсыныс жасаған. Салымшыларға ай сайын 15-20 пайыз көлемінде табыс уәде етілген. Алғашқы кезеңде қатысушыларға қаражат екі апта ішінде қайтарылып, сенім қалыптастырылған. Алайда уақыт өте келе жиналған қаражат көлемі ұлғайып, ұйымдастырушы қаржыны дұрыс басқара алмаған. Соның салдарынан небәрі үш ай ішінде қаржы пирамидасы күйреп, ондаған адам қаражатсыз қалған, – деді басқарма басшысы. 

Тергеу деректеріне сәйкес, ақша нақты бизнеске салынбаған, оның бір бөлігі жеке мақсаттарға, соның ішінде автокөлік сатып алуға жұмсалған.

Іс материалдарына сәйкес, жоба аясында ешқандай нақты тауар немесе тұрақты сауда жүйесі болмаған. «Дүкен ашу» туралы уәде тек салымшыларды тарту құралы ретінде қолданылған. Кейін ұйымдастырушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызметін заңды бизнес ретінде көрсетуге тырысқан. Тіпті кейбір қатысушыларға сыйлықтар беріп, сенімді күшейткен.

Шын мәнінде бұл классикалық қаржы пирамидасы болған. Жаңа қатысушылардан түскен қаражат бұрын қосылған адамдарға төлем ретінде беріліп отырған.

Қазіргі уақытта шығын толық жабылмаған.

Бұдан бөлек, Арман Ізбастынов бірнеше мысалдар келдтірді. Атап айтқанда,  «А» тұтыну кооперативіне қатысты іс бойынша 17 адам жәбірленуші деп танылып, жалпы шығын шамамен 26 миллион теңгені құраған. Аймақтық менеджерлердің 50,3 миллион теңге көлеміндегі қаражатына және 11,7 миллион теңге тұратын автокөлікке тыйым салынған. Қылмыстық іс Алматы қаласына тергеуді жалғастыру үшін жолданды.

Сонлай-ақ, «Takorp» жобасы бойынша азаматтардан шамамен 58 миллион теңге көлемінде қаражат тартылған. Сот ұйымдастырушы мен қатысушыны 1,5 жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырды.