Павлодарлық педагогтар ана туралы өлеңдер оқыды

Павлодарлық педагогтар ана туралы өлеңдер оқыды

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында К. Сүлеймен Баязитов атындағы  балалар оқу орталығында «Барлық тіршіліктің тірегі – ана» атты қалалық мәнерлеп оқу байқауы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы білім беру бөлімінің мәліметінше, облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептердің, қосымша білім беру ұйымдарының 35 педагогы қатысты. Конкурсқа қатысушылар қазақ, кеңес әдебиетінен сүйікті ақын-жазушыларының өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды. 

Заманауи өлеңдердің авторы, ақын Қ. Бахтиярқызының  «Ана туралы» өлеңін керемет оқығаны үшін  бас жүлдені М. Әлімбаев атындағы ЖОМ ағылшын тілі мұғалімі Гүлжан Адыльбаева иеленді. С. Торайғыров атындағы мектептің информатика пәні мұғалімі Илья Поляков байқау жеңімпазы  атанды. Ол Е. Есениннің «Письмо матери» өлеңін орындады.

№ 6 ЖОМ  логопеді Айгүл Джумадиева Я. Мкртычевтың  «Я не буду читать своей дочери про принцесс» шығармасымен ІІ жүлделі орынды,  М. Әлімбаев атындағы ЖОМ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнагүл Сәбитова «Посвящается маме» атты өзі шығарған өлеңімен ІІІ жүлделі орынға ие болды.

Р. Нұртазинова атындағы ЖОМ қазақ тілі мұғалімі Айзар Теміртасов Тұманбай Молдағалиевтің «Ана» атты шығармасын оқығаны үшін «Көрермендер көзайымы» номинациясын алды. 

- Жыл сайын өткізілетін осындай  іс-шаралар  педагогтардың сахналық бейнесін  қалыптастырып, жатқа мәнерлеп өлең оқуға  деген ынтасын арттырады және шығармашылықпен одан әрі айналысып өнерін дамытуға әсер етеді, - деді қазылар алқасының төрайымы Людмила Бевз.

Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар Павлодар қаласы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағынан дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.