Люкс көліктер: «Богатырь көмір» кәсіпорнында ақша жымқырылғаны әшкереленді
Кеніште жұмыс істеген жауапты маман екі жыл бойы қылмыстық іс-әрекеттер жасап жүрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Богатырь көмір» ЖШС-нің (жарғылық капиталындағы 50% үлесі «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тиесілі) қаржысын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
Бірқатар коммерциялық компаниялардың басшылары бұрын пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жаңа зауыттық өнім ретінде кәсіпорынға жеткізу схемасын ұйымдастырған.
Схеманы іске асыру үшін тауар мен материалдарды қабылдауға жауапты «Богатырь көмір» ЖШС-нің қызметкері тартылған. Ол талаптарға сәйкес келмейтін бөлшектердің еш кедергісіз қабылдануын қамтамасыз етіп, олардың сапасын негізсіз түрде растаған.
Екі жыл бойы жалған сәйкестік сертификаттары бойынша реакторлар, цилиндр блоктары, автотіркемелер және тежегіш жүйелерінің бөлшектері жаңа өнім ретінде жеткізіліп отырған.
Нәтижесінде «Богатырь көмір» ЖШС-не 123 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.
Қылмыстық жолмен алынған қаражат байланысы бар ЖШС мен жеке кәсіпкерлер арқылы жалған шарттар бойынша шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тінту барысында күдіктілерден 27 миллион теңге қолма-қол ақша тәркіленді.
Сот санкциясымен күдіктілердің 6 автокөлігіне, соның ішінде «Cadillac Escalade», «Range Rover», «Toyota Land Cruiser 250» автокөліктеріне тыйым салынды.
Үш күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.