Павлодарлық жұмысшылар «Ertis Promenade»-те Jah Khalib-тің орнын басты

1 маусымда жазғы концерттер маусымның ашылуы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Хедлайнер Jah Khalib келе алмай қалғынана қарамастан, ұйымдастырушылар павлодарлықтарды таң қалдырып, қуанту үшін барын салды. Аймақтың басты сахнасында өнер көрсеткен Мирас Жүгүнісов, Akha, Балжан Бидаш және Baitanat сынды танымал әртістер павлодарлықтармен бірге жазды қарсы алды. Концерт көріп, әуендерді тыңдау үшін жағажайда бірнеше мың тұрғын жиналды.
Өткен жылғыдай, «Ertis Promenade» маусымында «Екі жұлдыз» байқауының қатысушылары өнер көрсетті. Биылғы ерекшелік — дуэттер ірі өндіріс орындарының жұмысшы мамандық иелерінен құралды. Олардың қатарында «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның энергия-электроцехының қызметкері Рафаэль Мұхамеджанов та болды. Ол бұл жобаға қатысуы кәсіби қызметінен тыс өзін көрсетуге мүмкіндік бергенін айтты. Ұйымдастырушылар ұсынған танымал әнді орындады.
– Мен үшін шығармашылық – бұл хобби, өзімді көрсетудің бір жолы. Біздің өміріміз тек зауыттағы жұмыспен шектелмейді — бір-бірімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білу де маңызды, – деп бөлісті Рафаэль Мұхамеджанов.
Байқауға қатысқан тағы бір өнерпаз – осы зауыттың операторы Әділ Рахметулла. Ол бала кезінен ән айтып жүр. Таныстарының кеңесімен сахнаға шығуға бел буған. Оның айтуынша, дайындық оңай болмаған, ал сахнада өнер көрсету ерекше әсер сыйлаған. Әуесқой әнші егер байқау тағы өтсе, міндетті түрде қайта қатысатынын айтты.
Қазақ эстрадасының жұлдыздары да павлодарлық көрермендердің ыстық ықыласына бөленгенін ерекше атап өтті. Akha Павлодарда жиі сахнаға шығатынына қуанышты екенін жеткізді.
– Мұнда өнер көрсеткенді ерекше жақсы көремін. Адамдар бірге ән салып, жылы сөздер жазып, әрдайым мені күтіп жүреді. Сіздер шынайы, ашықсыздар, оны сахнада анық сезінесің. Павлодарға деген махаббатым ерекше, – деді Akha.
Мирас Жүгүнісов те көрермендер тарапынан жылы лебіздерге ие болды. Алдыңғы қатарда «Мирас — үздік!» деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрған балалар көзге түсті. Әнші «Зымыран», «Әндетемін», «Жолдама» атты танымал әндерін орындап, көрермендермен бірге шырқады.
Павлодар тұрғындары қаладағы мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қай әншілерді көргісі келетіндері туралы ұсыныстарын жолдай алады. «Ertis Promenade»-тің белсенді күндері былтырғыдай – жұма, сенбі, жексенбі және мемлекеттік мерекелер күні өтеді.