Павлодарлық музей экспонаттары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көрсетіледі

Павлодарлық музей экспонаттары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көрсетіледі
Фото: автор

Астанада ұйымдастырылатын этноауылда Павлодардан екі киіз үй құрылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық өткізілді.

  Дүниезжүзілік көшпенділер ойындарына бару үшін дайындық қызу жүруде. Екі киіз үйдің біріншісінде Павлодар облысының көне тарихы, Ертіс өңірінде болған қимақ мемлекеті жайлы көрініс ұсынылады. Сол дәуірдегі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі мен киім үлгілері көрсетіледі,  – дейді Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Гүлнәр Нұрахметова.

Екінші киіз үйде биыл мерейтойлары аталып өткен атақты жерлестеріміздің өмірі мен шығармашылықтары жайлы көрме ұйымдастырылады.  

Мысалы, музей қорында қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтың өзі жинаған тастары, кітаптары, фотосуреттері, атақты этнограф Халел Арғынбаевтың жеке заттары мен шапаны, әдебиеттанушы, өнертанушы Әлкей Марғұланның экспедицияда жүргендегі қолжазбалары, қазақтың әйгілі актері, режиссер Шәкен Аймановтың сахнаға киген киімдері және бұлбұл әнші Майра Шамсутдинованың жеке заттары  көрмеге қойылады, – дейді Гүлнәр Нұрахметова.

Көрмені ұйымдастыруға барлығы 10 шақты адам барады.  Сондай-ақ Павлодар өңірінен бес қолөнерші қатысады. Олардың ішінде дизайнер, мүсінші Баян Қайнышева, былғары шебері Ержігіт Тоқтаров, металл шебері Думан Шаймергенов,  алып қуыршақтар шебері Елена Байжұманова, ағаш шебері Серік Көбікбаев бар. 

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Ойындар 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында өткізіледі. Бүгінде ДКО ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс болып табылады. Шамамен болжам бойынша, Астана қаласына жеті күнге созылатын жарыстарға 100-ден астам елден 3000-ға жуық қатысушы келеді.