Павлодарда Ұлттық ұланның қару-жарағы мен әскери техникалары тексерілді

Жоспарлы техникалық байқау 5512 және 6679 әскери бөлімдерінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери қызметшілер бұл шараға тыңғылықты дайындалған. Байқауға арнайы мақсаттағы бөлімшелердің техникасы, жеке құрамды тасымалдауға арналған жоғары өтімді көліктер, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы автокөліктер тартылды.
– Жыл сайынғы техникалық байқаудың басты мақсаты – әскери техниканы сапалы дайындап, бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын жоғарғы деңгейде ұстау. Патрульдік қызметке арналған автокөліктердің, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілердің техникалық жағдайы жан-жақты тексеріледі. Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің жауынгерлік әзірлігі көбіне техниканың жеке құрамды белгіленген жерге уақтылы жеткізуіне тікелей байланысты, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, полковник Азамат Ғабдуллин.
Тексеру қорытындысы бойынша барлық әскери техника сапалы күйде және кез келген тапсырманы орындауға толық дайын. Сонымен қатар, офицерлер мен жүргізушілердің де дайындық деңгейі назардан тыс қалмайды.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлық әскери бөлімдерде жыл сайын өткізіледі.