Абай облысындағы мектеп түлектері Павлодар колледждеріне емтихансыз қабылданады
Әрбір талапкер төрт оқу орнында төрт мамандыққа дейін таңдай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова мәлім етті.
Жуырда ғана ірі өрттен зардап шеккен Абай өңірінің түлектері мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен Павлодар колледждерінде оқуға дайын. 9 және 11-сынып түлектері емтихан тапсырмайды.
– Қанша түлек келсе де барлығын қабылдаймыз. Оларға жатақханадан орын беріледі, облыстың, ауданның кез келген оқу орнында шәкіртақы беріледі. Бұл ұсынысты оқу орындарының басшылары қолдады, – дейді спикер.
Облымызда орналасқан 42 колледжде қабылдау науқаны 20 маусымда басталды.
Еске сала кетейік, талапкерлер 71 мамандықтың ішінен кез келген мамандықты таңдай алады. Білім алуға бес грантты Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университет және он грантты Торайғыров университеті бөлді.
Көбінесе мектеп түлектері IT және педагогикалық мамандықтарды таңдайды. Сондай-ақ, ветеринария, радиотехника және жұмысшы мамандықтары, атап айтқанда, металлургия мамандықтарына қызығушылық тудырады.