Павлодарлық оқушылар балаларды қолдау орталығына мерекелік көңіл күй сыйлады
Наурыз мерекесі қарсаңында дарынды балаларға арналған №3 гимназияда Халықаралық игі істер күні өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекенің басты мақсаты – жұртшылықтың назарын мүмкіндігінше осы мәселеге аудару, қайырымдылық істің ерекшеліктері туралы айту.
– Бүгінгі таңда қайырымдылық қоғам өмірінің маңызды бөлігі болып табылады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мектебімізде қайырымдылық аптасы өтуде. Аптаның әр күнін белгілі бір игілікті іске арнадық. Бүгін Қайырымдылық күні. Осы күні арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Бұл орталыққа осындай игі шарамен гимназия оқушылары жылда барады. Бұл дәстүрді жоғалтпай биыл да жалғастырдық, – дейді директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айгүл Төлектемірова.
Сонымен қатар, мерекелік бағдарлама аясында орталық балаларын Наурыз мерекесімен құттықтап, жақсы көңіл күй сыйлады. Мұндай қайырымдылық акциялары гимназияда оқу жылы бойы жүзеге асырылады. Гимназистер ай сайын «Жануарларға көмек күні» акциясын өткізеді. Оқу орнының еріктілері – Халықаралық, республикалық сайыстардың жеңімпаздары.
Гимназияның 4 «В»-сынып оқушылары биылғы халықаралық «Жыл волонтеры-2024» сайысының, республикалық «Караван добраты» сайысының жеңімпаздары атанды. Сондай-ақ «Надежда» жануарларды қолдау орталығына ай сайын тамақ апарып, көмек қолын созады.