Павлодарлық әнші «Астана Операдағы» жаңа маусымның ашылуына қатысты
Павлодарлық опера әншісі Мария Мудряк «Астана Опера» театрының XIV маусымының ашылуына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа маусым аясында елордалық көрермендер Джакомо Пуччинидің «Богема» операсын да тамашалай алады. Үлкен залда спектакль 19 және 20 қыркүйекте көрсетіледі. 20 қыркүйектегі қойылымда Мими партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мария Мудряк орындайды. Спектакль сағат 17:00-де басталады. Опера итальян тілінде орындалып, қазақ және орыс тілдерінде синхронды субтитрлер ұсынылады.
Джакомо Пуччинидің «Богема» операсы Парижде өмір сүрген жас өнер адамдарының тағдырын, достығы мен махаббатын баяндайды. Шығарманың негізгі желісі ақын Рудольфо мен Мими арасындағы сезімге құрылған.
Павлодарда дүниеге келген Мария Мудряк музыкалық білімін Миланда алған. Ол әлемнің жетекші опера сахналарында өнер көрсетіп келеді. 2017 жылы әнші Пласидо Доминго негізін қалаған беделді Operalia халықаралық байқауының жүлдегерлерінің бірі атанды.
Мария Мудряк бұған дейін де «Астана Опера» сахнасында өнер көрсеткен. 2024 жылдың желтоқсанында ол Джакомо Пуччинидің қайтыс болғанына 100 жыл толуына арналған гала-операға қатысып, Лю ариясын орындаған еді.
«Богема» операсындағы Мими партиясын орындауға дайындалып жатқан әнші елордалық көрермендермен кездесуді асыға күтетінін жеткізді.