Павлодарда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы тағы бір кітап жарық көрді
Туындыда аймақ тарихы баяндалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл ғұлама ғалым, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл. Атаулы күнге орай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Екібастұз қаласының құрметті азаматы, жергілікті ақын Жұмағали Қоғабайдың «Мәшһүр шапағаты мен тылсымы. Абаттанған Ата қонысы» атты кітабы Екібастұзда жарық көрді.
Жұмағали Қоғабайдың сөзінше, Мәшһүрдің шөбересі Абай Шәрәпиевпен 2021 жылдың 19 мамырында Екібастұз қаласында Мәшһүр Жүсіп қоғамдық қорын құрған. Ондағы мақсат ғұламаның атақонысы болған Сарыбұлақ маңыны көріктендіру. Үйдің маңын қоршап, шанасын қалыпқа келтіру керек.
– Үш айдың ішінде 1 гектар жер қоршалды. Атаның үйі тазаланды. Ашық тұрған бұлақтың төбесі жабылды. Онымен қоса бұлақтың басында шырақшы болмағандықтан, келген кісілер тазалықты сақтамайтыны белгілі болған. Сол себепті бұлақтың басын көтеріп, шатырмен жауып, жер астынан құбыр өткізіп, он метр жерден шығыр құдық жасадық. Бұл іс жайлы Instagram, facebook әлеуметтік желілеріне хабарлап, оқырмандарға баяндап отырдым. Кітаптың басы осылай басталды,– дейді Жұмағали Қоғабай.
Оған қоса экскаватор әкеліп, бұлақтың арнасын тазартқан. Кітаптың жазылуы барысында кесененің басына келген адамдармен әңгімелесіп, күнделік жазып отырған. Сонымен қатар, ол келіп кетушілер ғана емес, ата басына қонып, тілеу тілегендермен танысқан.
«Мәшһүр шапағаты мен тылсымы. Абаттанған Ата қонысы» үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде «Мәшһүр Жүсіптің шапағаты мен тылсымы», екінші бөлімі «Аббаттанған атақоныс», үшінші бөлімі – фото айғақтар деп аталады.
– Алғашқы бөлімінде тұлғаның басына келіп, зиярат етіп, қалаулары орындалған адамдар туралы әңгімелер баяндалады. Бұдан бөлек, Мәшекең ертедегі қазақ-қалмақ соғысындағы батырларды жазған. Қай жерде жерленгендігін, қай өзен, қай тау екенін жазып алып отырған. Көрген-білген әңгімелерін есте сақтап, түртіп алуға тырысқан. Мәселен, Шанышқылы руынан шыққан Бердіқожа батыр қазақ-қалмақ соғысында Қарқаралы жаққа келіп, қайтыс болған. Қайда жерленгенін ұрпағы білмейді екен. Жылдар өте келе, 4-5 жыл уақыт бұрын Мәшһүрдің қалдырған жазбасы бойынша тапқан. Батырдың туысқандары Францияға апарып, ДНК жасатып, шынында да өздерінің бабасы екенін анықтап, белгітас орнатқан,– деді жазушы.
Ал екінші бөлім күнделік жазба болып саналады. Кімдер келіп, қандай тақырыпта әңгіме айтылғаны жазылған. Ақынның айтуынша, атақонысқа барып жүргенде елге белгілі тұлғалармен тілдескен. Онда әлемге танымал Димаш Құдайбергеновтың ата-анасы Қанат және Света Айтбаевтар, «Қыз Жібек» рөлін ойнаған Меруер Өтекешова келген. Осы сәттер объективке түсіріліп, 3-бөлім яғни «фото айғақтарға» енген.
Кітапты жазуға жарты жыл уақыт кеткен. Ондағы суреттер мен сұлбаларды, сыртқы мұқабасын автор өзі жасаған. Сондай-ақ, ол атақонысын абаттандыру бойынша эскиз - сызба дайындаған. Туынды 700 дана болып шықты.