Астанада павлодарлық ақынның құрметіне кітап көрмесі ашылды
Ақын Арман Қанидың туғанына 70 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың М.Мақатаев атындағы залда ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Арман Бақтанұлы Қанидың 70 жылдығына арналған «Толқын-толқын жыр туар бізден кейін» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты, «Таңдамалы» деген атпен жарық көрген жинақтың тұсаукесері өтті. Әрі «Сарыарқаның асыл ақыны – Арман Қани» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Аталған мерейтой Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан облыс әкімі атынан жылы лебізін білдіріп, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 10 томдық шығармалар жинағын Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға тартты.
Шара барысында ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы, Абайтанушы Ықылас Ожай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай Арман Қанидың шығармашылығы туралы баяндады. Ал ақынның жары Бақыт Аханбайқызы ақынды еске алғандары және мүшайра ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Ақынның ұрпақтары – Нұрел Бастеми, Алуа Бастеми, Елдар Боранбай Арман Қанидың өлеңдерін оқыды.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қасиетті өлкемізде елге адал қызмет етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлердің шығармаларына арналған «Сарыарқаның асыл ақыны – Арман Қани» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге 200-ге жуық кітап қойылды.
Ал Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақын Арман Қанидың жеке заттарынан құралған экспозиция ұсынды.