Павлодарлық өрен Роналду елінде доп тебеді
Өткен айда ол кәмелет жасына келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жердегі әңгіме жартылай қорғаушы Ілияс Әбіл туралы айтылып отыр. Былтыр ол «Ақсу» тізімінде жүрді. Алайда клуб жаттықтырушылары талантты ойыншыға сенім білдіре қоймады. Соның өзінде ол өзіне берілген жалғыз мүмкіндікті мүлт жібермеді: Алматыда «Қайратқа» қарсы өткен матчта ол әдемі гол соғып, талайды тамсандырды.
Өткен жылы ол «Екібастұз» сапында Бірінші лигада 15 ойын өткізіп, «Ақсудың» жастар құрамы үшін QJ-лигада доп теуіп үлгерді. 2023 жылдың басында Ілияс Әбіл Минскіде өткен «Даму Кубогінде» Қазақстанның U-17 құрамасымен ойнады. Онда құрамамыз финалға дейін жетіп, павлодарлық өрен төрт гол соқты. Оған қоса ол былтыр U-19 құрамасында үш ойын өткізді.
2024 жыл басында ол қайта түлеген «Ертіс» сапында жаттығып жүрді. Алайда ол енді Португалияның «Жил Висенте» командасында ойнайтын болды. БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, тараптар арасында келісім-шартқа қол қойылды. Примейрада ойнайтын «Жил Висенте» қазіргі кезде турнир кестесінің оныншы орнында келеді.
Күні кеше павлодарлық ойыншының жаңа командасы әлемге танымал «Бенфикамен» кездесіп, 0:3 есебімен ұтылды.