Футболшылар Екібастұзда триллер қойды

Кеншілер кезекті мәрте есепте ұтып жатып, қарсыласқа жол берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бірінші лиганың 16-туры аясында «Екібастұз» өз алаңында «Қайрат-Жастар» командасын қабылдады. Есепті бірінші болып алматылық жастар ашты. Алайда алаң иелері бірінші таймда таразы басын теңестіріп, сәл кейінірек алға шықты: голдарды Анатолий Красотин мен Константин Горизанов соқты. «Ертістің» экс-футболшысының голы ерекше әдемі шықты: жартылай қорғаушы қонақтардың айып алаңында допты қабылдап, бір топ қорғаушыларды алдап кетті де, сол аяғымен допты жақын бұрышқа қадады.
Әмірбек Базарбаев алаңнан қуылғаннан соң бір ойыншыға кем қалған «Қайраттың» жастары 63-минутта есепті теңестірді. Араға он минут салып қонақтар тағы да гол соқты, бұл жолы пенальтиден. Оны «Қайраттың» негізгі сапында атын шығарып үлгерген Исмаил Бекболат командасына әперді. Форвард «Екібастұздың» айып алаңында үш қорғаушының айналасында допты қабылдап, олардан алдап өтуге бел буды. Аслан Сүлейменов жас шабуылшыны жасыл алаңға сұлатты – «үкімді» Азамат Тұяқбаев орындады – 3:2.
Тағы бір маңызды матчта «Алтай» сырт алаңда «Ақтөбе М» командасын жеңіп, «Ертісті» кестенің екінші қатарынан уақытша ығыстырып шығарды.
Еске сала кетейік, 1 тамызда павлодарлық команда өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдайды. Басталуы сағат 19.00-де, кіру тегін.