«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы тарихи суықта «Олимпиакосқа» есе жіберді

«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы тарихи суықта «Олимпиакосқа» есе жіберді
Фото: @f.c.kairat

Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының жұлдызы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алматылық «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің алтыншы туры аясында Грекияның «Олимпиакос» командасына қарсы өткен ойында 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Астанадағы «Астана Аренада» өткен бұл кездесу УЕФА Чемпиондар лигасы тарихындағы ең суық матч ретінде тіркелді, ойын басталған сәтте ауа температурасы -21°C-тан төмен болды. Ойынның жалғыз голы екінші таймда, 73-минутта португалиялық жартылай қорғаушы Желсон Мартинштің соққысымен соғылды. Грек клубы үшін бұл – ағымдағы Чемпиондар лигасындағы алғашқы жеңіс.

Жеңіліске қарамастан, «Қайраттың» 22 жастағы қақпашысы Темірлан Анарбеков алаңдағы үздік ойыншы атанды. Ол матч барысында сегіз сейв жасап, грек шабуылшыларының бірнеше қауіпті соққысын қайтарды. УЕФА Анарбековтің ойынын ерекше бағалап, оны Чемпиондар Лигасының матч күніндегі үздік ойыншысы деп таныған алғашқы қазақстандық футболшы ретінде тарихқа енгізді.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Қайрат» клубының бапкері Рафаэль Уразбахтин команданың лайықты ойнағанына тоқталғанымен, нәтижеге көңілі толмағанын жеткізді. Оның айтуынша, команда өте «ауыр гол» жіберіп алған.

– Мүмкін, ол жерде қателік болып, қарсыласқа өз қолымызбен көмектескен шығармыз. Әрине, жанкүйерлерімізді жақсы нәтижемен қуантқымыз келді, бірақ қарсыластың деңгейі басым болды, сондықтан мақсатымызға жете алмадық. Дегенмен, жігіттер лайықты ойнады, жігері мен мінезін көрсетті деп есептеймін. Бірінші тайм көңілімді сәл түсірді, себебі, өкінішке орай, біз әлі бүкіл матчты бір деңгейде өткізе алмаймыз. Бізде ойын толқынды сипатта өтеді. Қарсылас – мықты команда, олардың деңгейі бірден көрініп тұр, әсіресе шабуыл шебі өте қауіпті, – деді бапкер.

Ол жанкүйерлерді жеңіспен қуанта алмағанына өкініш білдірді, бірақ алға қарай дами беретіндерін атап өтті.

Матч қаһарманы, қақпашы Темірлан Анарбеков команданың дайындығы жақсы болғанын, алайда жасанды алаңда ойнау қиындық туғызғанын айтты.

– Біз алдын-ала бәрін қарап, олардың әлсіз және мықты тұстарын зерттедік, қатты прессингпен ойнайтынын білдік. Алайда, «Астана Аренаның» жасанды алаңында ойнау бізге де, оларға да қиын болды. Қолымыздан келгенше ойнауға тырыстық, бірақ өкінішке қарай, ұпай ала алмадық, – деді қақпашы.

Сонымен қатар, Анарбеков алғаш рет капитандық повесткамен шыққанын айтты. Ол бұл жауапкершілікті қалыпты қабылдағанын және жанындағы он ойыншының да өздерін капитан ретінде сезінгенін қалайтынын жеткізді.

Алдағы екі ойынға қатысты Анарбеков қазір команданың демалатынын және қаңтарда жиын басталатынын мәлімдеді. 

– Күш-қуатымызды жинап дайындаламыз. Алла қаласа, «Брюггеге» де, «Арсеналға» да бой береміз деген үміттемін, – деді ол.

Сөз соңында ол Алматыдан Астанаға келіп, стадионда немесе теледидар арқылы қолдау көрсеткен барлық жанкүйерлерге ерекше алғыс айтты.

«Қайрат» Чемпиондар Лигасындағы жалғыз бір ұпаймен 35-орында тұр. Команданы алда тағы екі ойын күтіп тұр: 20 қаңтарда өз алаңында бельгиялық «Брюггеге» қарсы және 29 қаңтарда Лондонда «Арсеналға» қарсы.