Павлодарлықтар министрлікке ерекше бала тәрбиелейтін жанұялардың мәселесін айтты

Павлодарлықтар министрлікке ерекше бала тәрбиелейтін жанұялардың мәселесін айтты
Фото: pixabay.com/s05prodpreside

Ұсыныстар Павлодарда өткен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовпен кездесуде айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Менталдық мүгедектігі бар бала 18 жасқа толғанда, отбасы бірнеше айға жәрдемақы мен мемлекеттік қолдаудан кенде қалады. Бұған себеп қамқоршылық рәсімінің ұзаққа созылуы.

«Алтын Бата» қоғамдық қорының жетекшісі Евгения Стельваганың айтуынша, бұл мәселе «ақыл-ой кемістігі», «аутизм», «Даун синдромы» және басқа психиатриялық диагноздары бар жастарға қатысты. Осы санатқа жататын балалар өз бетінше шешім қабылдай алмайды, кейде өзіне немесе айналасына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан заң бойынша алдымен сот оларды әрекетке қабілетсіз деп тануы керек, содан кейін ата-анасы қамқоршылық рәсімін ресімдейді. Процедуралар аяқталған соң жәрдемақы алуға құқық пайда болады.

Іс жүзінде бұл –6 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде отбасы ешқандай төлем алмайды, ал бала ересек болса да, күтім мен назарға мұқтаж болып қала береді. Құжаттар дайын болған кезде де мемлекет тек мүгедек адамның жәрдемақысын төлейді, ал күтімге арналған жәрдемақы тек қамқоршылық ресімделген күннен бастап есептеледі. Сонда, бұл алты айда анасы немесе әкесі «ештеңе істемегендей» көрінеді, ал шын мәнінде олар 24/7 режимінде күтім көрсетіп келеді, дейді Евгения Стельвага.

Оның айтуынша, бұл әсіресе жалғызбасты ата-аналарға қиын. Көбінесе бұл жұмыс істей алмайтын, баласына толықтай қамқор болып отырған ана. Мұндай отбасылар үшін жәрдемақы жалғыз табыс көзі, ал бірнеше айға дейінгі төлемнің тоқтауы үлкен сынаққа айналады.

Қоғам белсендісі нақты мысал келтірді: бір жағдайда балада ДЦП және сақталған интеллект, екіншісінде ауыр ақыл-ой кемістігі бала тәрбиелейтін отбасы.

Интеллект сақталған жағдайда ата-аналар жәрдемақыны рәсімдеу үшін ұзақ күтпейді. Ал менталдық мүгедектігі бар балаға қатысты отбасылар жарты жыл бойы жәрдемақысыз қалуға мәжбүр.

Осы жағдайды болдырмау үшін павлодарлықтар республикалық деңгейде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді ұсынуда.

Ата-аналар ұсынады:

  • сотқа алдын ала бала 18 жасқа толғанға дейін 4–6 ай бұрын жүгінуге рұқсат беру, сонда бала 18-ге толғаннан кейін бірден әрекетке қабілетсіздік пен қамқоршылық туралы шешімдер күшіне енеді;
  •  бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауға арналған жәрдемақыны өтініш берген күннен емес, мүгедектік белгіленген күннен бастап тағайындау.

Бұл шаралар төлемдердегі «үзілісті» жоюға және отбасыларға ертеңгі күнге сенімділік беруге мүмкіндік береді, дейді Евгения Стельвага.

Вице-министр Асқар Биахметов павлодарлық ата-аналардың ұсыныстарын жеке бақылауына алатынын жеткізді.