Павлодарлық эпидемиологтар: Су тасқыны кезінде қайнатылған су ішкен дұрыс
Қар еріген кезде өзендер мен су айдындарына көптеген қоқыс пен ластанған су түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалары су тасқыны кезеңінде өңірдің ауызсумен жабдықтау объектілеріне кезектен тыс мониторинг жүргізеді. Сәуір айының бірінші онкүндігінде ауызсумен жабдықтау объектілеріндегі барлық бақылау нүктелерін мониторингпен қамту жоспарлануда.
– Су тасқыны маусымында ауызсумен жабдықтау көздеріндегі судың микробтық ластану қаупі артады. Ауызсу сапасының нашарлауы мүмкін, себебі еріген қар суымен бірге химиялық, органикалық және биологиялық лас заттар сумен жабдықтау көзіне түсуі мүмкін. Қар еріген кезде көптеген қоқыстар мен ластанған сулар өзендерге, басқа да су айдындарына түседі, – дейді эпидемиологтар.
Мамандар ішек инфекциялары, А гепатиті, іш сүзегі және басқа да инфекциялардың алдын алу мақсатында жеке гигиенаны сақтауға, ішуге және тамақ дайындауға қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалануға кеңес береді.
Жергілікті атқарушы органдар су тасқыны кезеңі аяқталған соң сумен жабдықтау объектілерін, оның ішінде құдықтарды, жерасты суларын шығару жөніндегі инженерлік-техникалық кешендерді профилактикалық тазарту, жуу және дезинфекциялау жүргізуді ұйымдастырады.
Су тасқыны кезеңінің басынан бастап ауызсумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 488 су сынамасы зерттелді.
2024 жылғы 5 сәуірдегі жағдай бойынша облыстағы сумен жабдықтау объектілері штаттық режимде жұмыс істейді.