Павлодарда полиция қызметкерлері алғаш рет Zoom арқылы жиын өткізбек
Торайғыров университетінде 30 тәртіп сақшысы біліктілігін арттырды,деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы аясында қала тұрғындары арасында қауіпсіздік мәселелері бойынша сауалнама жүргізілді. Шаһар тұрғындары төрт негізгі мәселені айқындады. Оның ішінде қаңғыбас иттер, тыйым салынған уақытта алкоголь сататын дүкендер, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар және нашақорларға қатысты мәселелер бар, – деді Жасқайрат Қайыров.
Оның айтуынша, бүгінгі күні аталған проблемалар бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, туындаған мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдануда.
– Осы тұрғыда азаматтарға ыңғайлы болу үшін ZOOM платформасы арқылы онлайн жиындарды өткізудің жаңа форматы іске қосылмақ. Сілтеме департаменттің, басқарманың және полиция бөлімдерінің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында орналастырылады. Мұндай жиындар апта сайын сенбі күндері сағат 11.00-де өткізіледі, – деді Жасқайрат Қайыров.
Спикер Торайғыров университетінде полиция қызметкерлерінен 30 адам біліктіліктерін арттырғанын атап өтті. Оқыту өткен жылдың 1 тамызынан басталды.
– Тәртіп сақшылары екі апта бойы қызметтен толық босатылды. Оларға университет оқытушылары сабақ берді. Халықпен жұмыс барысында қарым-қатынас тәртібін зерделеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Курсты аяқтағаннан кейін арнайы сертификаттар берілді. Алғашқы онлайн жиын ертең, 15 шілде күні бір уақытта 12 сілтеме арқылы өтеді, – деді Жасқайрат Қайыров.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Полицияның қазақстандық сервистік моделі» пилоттық жобасы іске асырылуда. Полицияның қызмет көрсету моделінің тұжырымдамасы өзара байланысты үш негізгі элементтен тұрады: заңдарды сақтау, қауіпсіздік және жеделдік.
Фото РСК