Екібастұзда пробация бақылауындағы тұлғаларға нақты жұмыс орындары ұсынылды

Екібастұзда пробация бақылауындағы тұлғаларға нақты жұмыс орындары ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Түзеу мекемелерінен босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға жоба аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараның ұйымдастырушылары ретінде қалалық пробация қызметі, «Антарес А» қоғамдық қоры және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, олардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау және қайталама құқық бұзушылықтардың қаупін азайту, – деді облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз орталығы.

Жәрмеңке барысында қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, өзекті бос жұмыс орындарымен және еңбек жағдайларымен танысуға мүмкіндік алды. Мамандар консультациялық көмек көрсетіп, ресми жұмысқа орналасу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Ведомствода атап өткендей, мұндай іс-шараларды өткізу жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және жоба қатысушыларының өз бетінше өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді.