Павлодарлықтар тіс протездеуге көрші өңірлерге қарағанда көбірек қаржы жұмсайды

Павлодарлықтар тіс протездеуге көрші өңірлерге қарағанда көбірек қаржы жұмсайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстанда тіс имплантациясы жыл сайын қымбат қызметке айналып барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистеріндегі тіс протездеу және имплант орнату бағаларына қатысты ашық деректерді Finprom.kz мамандары талдады.

Олардың мәліметінше, стоматологиялық клиникалар саны көп әрі бәсекелестік жоғары қалаларда – Алматы мен Астанада маркетингтік стратегиялар анағұрлым ашық жүргізіледі.

Бірдей қызмет түрлерінің әртүрлі клиникалардағы бағасы көптеген факторларға байланысты. Атап айтқанда, дәрігердің біліктілігі, протездеу мен имплантация әдістері, қолданылатын импорттық материалдардың құны және шыққан елі әсер етеді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда өндірілген импланттарды орнату Швейцарияда жасалған ұқсас бұйымдарға қарағанда екі есе қымбат болуы мүмкін.

– Протездеу және имплантация қызметтерінің ішінде ең қолжетімдісі – металлокерамикалық жасанды тіс сауытын орнату, – дейді мониторинг агенттігінің мамандары. – Мұндай бір жасанды тіс сауытының құны 46 мыңнан 180 мың теңгеге дейін барады. Ал цирконийден жасалған жасанды тіс сауытының ең төменгі бағасы 95 мың теңгеден басталып, ең жоғарысы 220 мың теңгеге дейін жетеді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өткен жылы қазақстандықтар стоматологиялық қызметтерге жұмсалатын шығындарын едәуір арттырған. 2026 жылдың басынан бері бұл қызметтердің бағасы 10 пайызға өскен.

Өңірлер бойынша бағаның өсу қарқыны әртүрлі. Мәселен, Алматы облысында тіс имплантациясы бірден 28 пайызға қымбаттаса, Ақтөбе облысында өсім бір пайыздан аз болған.

Ал Павлодар облысында жыл басынан бері тіс протездеу мен имплант орнату құны 16 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш көрші өңірлермен салыстырғанда жеті-тоғыз пайызға жоғары.

Ең жоғары баға өсімі тіс жегісін емдеуде (17 пайыз) және тіс жұлу қызметінде (14 пайыз) тіркелген. Протездеу 13 пайызға, ал кәсіби тіс тазалау 11 пайызға қымбаттаған.