Павлодарда шала туған нәрестенің сүйегі сынған: дәрігерлер не дейді?

Павлодарда шала туған нәрестенің сүйегі сынған: дәрігерлер не дейді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Баланың туыстары жағдайға алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық № 1 перинаталдық орталығында ем қабылдап жатқан шала туған сәбидің сүйегі сынғаны туралы әлеуметтік желіде жазба жарияланды. Баланың туыстары медициналық қызметкерлердің әрекетіне қатысты сұрақтар көтерген. 

Әлеуметтік желіде жарияланған жазба авторының мәліметінше, сәби биыл тамыз айында шамамен 600 грамм салмақпен дүниеге келген. 2026 жылғы 24 қазандағы жағдай бойынша оның салмағы 2020 грамға жеткенімен, бала әлі де перинаталдық орталықта ем қабылдап жатыр.

Жазба авторы баланың ата-анасы 20–23 қазан аралығында ауруханаға барған кезде оның аяғындағы түс пен көлемнің өзгергенін байқағанын айтады. Олардың сөзінше, бұл туралы медицина қызметкерлеріне хабарлағанымен, бастапқыда тиісті түсініктеме ала алмаған.

23 қазанда ата-анасына баланың жамбас сүйегі сынғаны және сүйекте жарықшақ бары айтылған. Жазбада дәрігерлер мұны сәбидің тырысу кезінде өзіне жарақат салуымен түсіндіргені көрсетілген. Баланың туыстары сүйектің сынуына не себеп болғанын анықтап, медициналық мекеме қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізуді сұраған.

Осы жазбадан кейін перинаталдық орталық пен денсаулық сақтау басқармасы жағдайға түсініктеме берді. 

Ведомствоның мәліметінше, өте төмен дене салмағымен дүниеге келген шала туған балаларды күтіп-баптау күрделі әрі ұзақ үдеріс саналады. Мұндай сәбилерде кездесуі мүмкін асқынулардың бірі – остеопения, яғни сүйек тінінің минералдануының төмендеуі.

– Бұл жағдай шала туған нәрестелердің 30–55 пайызында кездесіп, аяқ-қолдардың әдеттегі қозғалысы кезінде де сүйектің өздігінен сынуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, нақты клиникалық жағдайға қатысты толық ақпарат дәрігерлік құпияға жататыны және тиісті құқықтық негіздерсіз көпшілікке жария етілмейді, – делінген хабарламада. 

Ал Павлодар облыстық № 1 перинаталдық орталығының баспасөз қызметі баланың жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Қазіргі уақытта сәби облыстық балалар ауруханасының травматолог дәрігерімен бірлесіп бақылауда. 

– Рентген суретіне сәйкес, сүйек алғашқы бітісу сатысында, яғни сынық орнында сүйек тінінің тұрақтануы орын алған. Қазіргі уақытта арнайы ем қажет емес, – деп хабарлады орталық.

Медициналық мекеме әкімшілігі ата-аналар мен туыстарының алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын және баланың жағдайы мен медициналық бақылаудың ерекшеліктері туралы оларға тұрақты түрде түсіндіру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ орталық өкілдері шала туған балаларды күтіп-баптаудың ерекшеліктерін ескеріп, жағдайға қатысты асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Мекеменің хабарлауынша, әрбір кішкентай пациентке қажетті медициналық көмек көрсету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.