Ертіс ауданының екі шалғай ауылында медпункттер бой көтереді
Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары үш ай ішінде аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ертіс ауданының шалғай солтүстік батысындағы Сілеті ауылдық округіне қарайтын Қызылағаш ауылы мен Қарақұдық ауылдық округінің Қарақұдық ауылында жаңа медициналық пункттердің құрылысы басталды.
– Ауылдық елді мекендерде бой көтере бастаған дәрігерлік нысандар ауыл тұрғындарының көңілінен шығып отыр. Құрылыс жергілікті халықтың уақытылы медициналық кәсіби көмек алып, денсаулығын жақсартуға, жалпы өлім-жітімнің алдын алуға мүмкіндік береді. Ауыл адамдарын жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, азаматтардың күнкөрістеріне жағымды әсер етеді, – деді аудан әкімдігінде.
Қарақұдық ауылының тұрғындары 1984-1985 жылдардан соң ортаға 40 жыл салып, жүргізіліп жатқан алғашқы жаңа құрылысқа дән риза. Құрылыс нысанына тапсырыс берушісі облыстық құрылыс басқармасы болып табылады. Жұмыстарды астаналық мердігер компания – «IT-Invest company» ЖШС атқарып жатыр.
– Жергілікті жердегі құрлысқа ауыл адамдары да тартылған. Қазіргі уақытта нысандарының қабырғалары көтерілуде. Аумағы 150 шаршы метрді құрайтын екі медпункт автономды жылу, кәріз жүйелерімен және толық қажетті заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталмақ, – деп атап өтті аудан әкімдігінде.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, нысандар құрлысы үш ай ішінде толық аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп көзделуде.