Ақтоғай тұрғыны қатты жел кезінде қалай жарақат алғанын айтып берді

Ақтоғай тұрғыны қатты жел кезінде қалай жарақат алғанын айтып берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

41 жастағы әйелге соңғы бірнеше күнде екі рет ота жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Зардап шегушінің айтуынша, оқиға 26 сәуірде болған. Ауылда қатты жел тұрып, ол аулаға шыққан сәтте үй шатырының бір бөлігі ұшып кеткен. Қатты соққыдан бет сүйегі сынып, әйел шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінді.

– Аулаға шыққаным сол еді, шатырдан шифер ұшып келіп, бетіме тиді. Маған қазірдің өзінде екі рет ота жасалды, – дейді ауыл тұрғыны.

Павлодар қалалық №1 ауруханасының жақ-бет хирургы Талғат Иманбеков науқастың жағдайы туралы мәлімет берді. Дәрігер әйелдің бет сүйегі жарылып, көптеген сынықтар алғанын анықтады.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта жоғарғы жақ сүйегін қалпына келтіру үшін реконструктивті ота сәтті өткен. Пациенттің жағдайы тұрақты, ол біртіндеп жазылып келеді.

Еске сала кетейік, зардап шеккен тұрғынға алдымен Ақтоғай аудандық ауруханасында алғашқы көмек көрсетілген болатын. Кейін оның жағдайына байланысты мамандандырылған ем қабылдау үшін облыс орталығына жеткізілді.