Павлодарлықтар құқық бұзушылықтарды полицияға смартфон арқылы хабарлап жүр

Павлодарлықтар құқық бұзушылықтарды полицияға смартфон арқылы хабарлап жүр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Цифрлық сервистер арқылы жедел хабарлау мүмкіндігін жыл басынан бері 1564 азамат пайдаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құқық бұзушылық туралы ақпаратты тұрғындар Egov Mobile, сондай-ақ интеграцияланған банк қосымшалары арқылы жолдай алады. Сервисте мәтіндік және бейнеөтініш жіберуге мүмкіндік беретін арнайы белгіше қарастырылған.

Келіп түскен ақпарат автоматты түрде полицияға жолданып, тиісті қызметкерлер сигналды тексеріп, қажетті шараларды қабылдайды. Цифрлық сервис тәулік бойы еліміздің барлық аумағында қолжетімді.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері түскен 1564 өтініштің 299-ы – «Омниканальность» мобильді қосымшасы арқылы, 734-і – Egov Mobile арқылы, 483-і – Kaspi.kz қосымшасы арқылы, 19-ы HalykBank арқылы келіп түскен.

Мәселен, «Омниканальность» қосымшасы арқылы Павлодар қаласының тұрғыны Geely Atlas автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзғаны туралы хабарлаған. Азаматтан түскен ақпарат бойынша полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

– Кері байланыстың цифрлық арналары азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлауға, ал полицияға келіп түскен ақпаратқа уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылдың бұл форматы полиция жұмысының халық үшін барынша ашық әрі қолжетімді болуына ықпал етеді, – деді облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығының бастығы Қуаныш Мұстафинов.

Цифрлық сервистерді енгізу – ішкі істер органдары қызметін цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл бастама Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған.