Павлодарлықтар үшін мереке қарсаңында облыстық филармония не дайындады?

Павлодарлықтар үшін мереке қарсаңында облыстық филармония не дайындады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әдемі ұлттық костюм киіп келген қонақтарды бағалы сыйлықтар мен мерекелік сертификаттар күтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясы «Respublica» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп, 22 наурыз күні, сағат 14:00-де қала тұрғындары мен қонақтарын «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік шараға шақыруда.

Аталмыш шарада ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық федерациялардың жетекші жаттықтырушылары мен спортшы-нұсқаушылары Тоғызқұмалақ, Садақ ату, Асық ату, Арқан тарту сияқты көне ойындардың  тарихы, ережелері мен ерекшеліктері туралы әңгімелеп береді.

Жастар, ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан, тарихы мен дәстүрі бар, нағыз қазақтың ұлттық спорт ойындарын жаңғырту және дәріптеу жолында ауқымды жұмыс жүргізуде. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы шағын турнир филармония фойесінде өтеді. Ең мықты мергендер үшін сыйлықтар қарастырылған, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

15:00-де павлодарлықтар мен қала қонақтарына үлкен мерекелік концерт ұсынылады.  Филармонияның шығармашылық ұжымдары мен солистері көрермендерге көктемгі әуендер мен хореографиялық қойылымдардан құрастырылған әсем сазды бағдарламасын ұсынбақ.

Лирикалық әуендер мен әндерді өнер сүйер қауым Рүстембек Омаров атындағы оркестрдің домбырашылар ансамблі мен осы күндері өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өткен «Лад» орыс ұлт аспаптар ансамблі және жеке әншілердің  орындауында тамашалай алады.  

Бағдарламада махаббатының мәңгілік символына айналған Естай Беркімбаевтың «Құсни-Қорлан», аты аңызға айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», Талғат Сарыбаевтың «Наурыз» сияқты  әсем туындылары, заманауи аранжировкадағы «Япурай» халық әні және басқа да танымал композициялар орындалады. Концерт соңында ең әдемі ұлттық костюм киіп келген қонақтар арнайы сыйлықтармен марапатталады, – делінген хабарламада. 

Өтетін орны: Н.Назарбаев даңғылы, 1. 

Байланыс телефондары: +7(7182)22-80-87, +7(775)538-08-97.

Электронды пошта: isa.baizakov2012@yandex.kz.