Павлодарлық ғалым Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған кітап жазды

Оның 500 данасы басылымға шықты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Аталмыш жиында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөз сөйледі. Құрметті қонақтар ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сламбек Тәуекел, театр және кино актері Ергенбай Әбуов және университет ғалымдары қатысты.
– Шәкен Кенжетайұлы – ұлттық кино әлемінің символына айналған тау тұлғаларының бірі. «Алдар Көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды фильмдері талай ұрпақты тәрбиелеуде. Ұлы тұлғаның мұрасын сақтауда біз барынша атсалысуға дайынбыз. Бүгінгі іс-шара дарынды талант иесінің бейнесін танытуға маңызды қадамдардың бірі деп білемін, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Конференция аясында Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сұңғыла» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап көлемі – 345 бет. Алдағы уақытта ары қарай басылымдарға беріледі.
– Кітапта тек қана қазақ кино өнері майталмандары ғана емес, Шәкен Аймановпен иық тіресіп жұмыс істеген басқа да өнер қайраткерлерінің естелік мақалалары енген. Ерекше жазбалардың бірі ретінде талай жыл әріптесі болған Хадиша Бөкееваның, Бибігүл Төлегенованың естеліктерін атап өтуге болады, – дейді Е. Бекмаханов атындағы өлке этнографиясы және тарих ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, кітап авторы Амантай Құдабаев.
Оның айтуынша, кітаптың негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа Шәкен ағамыздың қандай өнерлі тұлға болғанын, асыл мұрасын насихаттау деген ой еді.
– Ол қандай киноға түссе де, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеген. Осы ерекшелігін негізге ала отырып, сол туралы кітапта атап көрсеттік. Келер ұрпақ ары қарай жолымызды жалғастырады деген ойдамыз, – деп қорытындылады сөзін автор.
Сондай-ақ, кеште Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әкім Таразидің құттықтау сөздері оқылды. Шәкен Айманов туралы деректі фильм көрсетілді. Бұдан бөлек, кинорежиссердің естелік суреттері мен еңбектеріне толы әрі шапаны ұсынылған көрме ұйымдастырылды.
– Шәкен Аймановтың естелік мерейтой кешін Юнеско дәрежесінде өткізуге болады. Оның сіңірген еңбегі сияқты бірде бір адам жоқ. Мәселен, Мәскеу фестивалінде ағылшын-американ актрисасы Элизабет Тейлормен билеп, бірінші орын алды, – деп бөлісті естеліктерімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел.
Айта кетейік, университетте актерлік өнер мамандығы бар. Сонымен қатар, «MURAGER» студенттік театры жұмыс істейді.