Павлодарда Ұлттық ұлан сарбаздары ұлттық спорт ойындарынан сынға түсті
Биылғы Наурызнама он күндігі аясында Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімі мерекелік іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық спорттық ойындарды насихаттауға бағытталған іс-шараның өткізілуіне Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі мен «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.
– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ұлттық ұлан сарбаздарына ерекше көңіл күй сыйладық. Өйткені, түркі халқына ортақ мерекенің құндылығын әрбір ел азаматы түйсінуі қажет. Сондай-ақ ұландықтарға ұлттық тағамдар ұсынып, құқықтық-тәртіп әскеріне деген құрметімізді білдіргіміз келді, – дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі мен «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова.
Арнайы бірлестік сарбаздарға наурыз көже мен тәтті-тағамдар ұсынды, әскери қызметшілерге әннен шашу шашып, мерекенің ыстық лебін сездірді. Бұдан кейін мерзімді әскери қызметшілер ұлттық спорт ойындарынан сынға түсті. Отан қорғаушылар арқан тартысып, гір тасын көтерді. Алматы қаласынан шақыртылған Нұрхан Тұрсын ұлттық спортта шашасына шаң жұқтырмады. Ол салмағы 32 келі гір тасын жетпіс рет көтеріп, жеңімпаз атанды.
– Бүгін менің бағым жанған күн. Өйткені, қаруластарымның қайсыбірі болмасын тепсе темір үзетін жігіттер. Кейбірі тіпті әскерге дейін спорттың биік асуларын бағындырған құрыш білектілер. Осы орайда сарбаздарға ұлттық тағам ұсынып, мейманамызды асырған әскери бөлім меймандарына шексіз алғысымды білдіргім келеді, – дейді 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұрхан Тұрсын.
Әрбір сын-сайыстан жоғары жетістікке жеткендерге ұлттық киімдер үлестірілді.
Еске салайық, қоғамдық бірлестік Ұлттық ұланның әскери бөлімімен тығыз қарым-қатынаста. Бірлестік мүшелері алдағы уақытта да мерзімді әскери қызметшілердің айбынын асырар іс-шаралардан тыс қалмау ниетімен тарқасты.