Павлодарлықтарды домбыра тартып, күй күмбірлетуге шақырады

Павлодарлықтарды домбыра тартып, күй күмбірлетуге шақырады
Фото: Константин Шелков

Өнерпаздар шаһарды күймен көмкермек, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Ертең, яғни 2 шілде – Ұлттық домбыра күнінде облыстық «Шаңырақ» орталығы халық көп жиналатын бірнеше орында ерекше концерттік бағдарлама ұсынады және тұрғындарды бірге домбыра тартып, күй күмбірлетуге шақырады.

Негізгі іс-шара Академик Шөкин көшесі, 2/2 мекенжайында орналасқани Өзен сапаржайында өтеді. 

Жұртшылықты «Qagan» этно-фьюжн тобы, «Шаңырақ сазы» сияқты іргелі мәдени ұжымдар өнерімен тәнті етпек.

–  Сондай-ақ, тұрғындар аталған өнерпаздармен бірге күй тарту мүмкіндігіне ие болады. Ұлттық домбыра күні – жалпыхалықтық мереке. Сондықтан баршамызға ортақ мерекеде қазақтың қара домбырасының қасиетін түсініп, қасына серік еткен павлодарлықтарды бізбен бірге күйден күмбірлетуге шақырамыз, –  дейді «Шаңырақ» орталығы директорының міндетін атқарушы Дулат Құрманбаев.

«Кел, домбыра тартайық!» шарасы Өзен портында, сағат 15:00-де басталады.