Павлодарда балалар сурет көрмесі ашылады
Балалар шығармалары жанрлардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылдың 3 шілдесінде сағат 11:00-де Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне арналған «Елі үшін, жері үшін» атты балалар суреттерінің көрмесі ашылады.
Экспозицияда Павлодар мен Екібастұз қалалары көркемсурет мектептерінің, Павлодар қаласы мен Павлодар облысының өнер мектептерінің және ЖОББМ оқушыларының 100-ге жуық жұмыстары ұсынылған. Туындылар сурет салудың акрильді кескіндеме, гуашь, сулы бояу, қарапайым қарындашпен орындалған графика, фломастрелер, түрлі-түсті қарындаштар, маркерлер, гель қаламдар сондай-ақ аралас техника сияқты дәртүрлі және дәстүрлі емес әдістерімен орындалған.
Көрменің мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында әсемдік сезімін оята отырып, туған елінің тарихына, дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстанның танымал тұлғаларының қызметіне деген қызығушылықтарын арттыру, мәдениет және отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрме 2024 жылдың маусым айында Павлодар қаласының Балалар көркемсурет мектебінде өткен Қ.И.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған балалар шығармашылығы байқауының қорытындысы болып табылады. Балалар шығармалары жанрлардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Олардың ішінде академик Қ.Сәтбаевтың өмірі мен қызметін көрсететін композициялар, Қ.И.Сәтбаевтың портреттері, туған жерінің пейзаждары ұсынылған.
Көрме шілде айының соңына дейін жалғасады.