Павлодарлықтарға медициналық сақтандырусыз аурухана парағы ашыла ма?
МӘМС жарналарын бірнеше тәсілмен төлеуге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру мәртебесі жоқ адамдарға аурухана парағын рәсімдеуге бола ма? Бұл сауалға қордың облыстық филиалында жауап берді.
Егер пациенттің еңбекке жарамсыздығын анықтау немесе растау үшін МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсету талап етілмесе, онда аурухана парағын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ресімдеуге болады.
– Мысалы, ЖРВИ белгілері бар сақтандырылмаған пациент сүзгі кабинетіне немесе учаскелік дәрігерге қаралды. Учаскелік дәрігер оған диагноз қою үшін МӘМС пакетіне кіретін бейінді маманға жолдама немесе диагностикалық зерттеулер қажет болмағанда аурухана парағын жаза алады. Алайда, егер емдеуді түзету немесе осы тізімге кіретін қосымша зерттеулер қажет болса, мұндай пациентке жүйеде сақтандыру мәртебесі қажет, – деп атап өтті қорда.
МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі банктің кассалары, «Kaspi» және «Halyq bank» мобильді қосымшалары, «Қазпошта» филиалдары арқылы төлеуге болады.
Мысалы, қазан айында 12 айға алдын ала төлеген кезде жарналарды 2023 жылғы қазаннан 2024 жылғы қыркүйекке дейін – қазіргі айдан бастап 3 500 теңгеден төлеу қажет.
Қорда айдың соңына дейін бірнеше күн қалса немесе алдағы күндері жоспарларда медициналық көмекке жүгіну болмаса, келесі айдан бастап жарна салуды ұсынады.
Медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебеңізді egov.kz электрондық үкіметтің сайтынан «Денсаулық сақтау» бөлімінде, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасында немесе «Saqtandyrybot» жеделхат-ботында тексеріп, төлемдер туралы ақпаратты алуға болады.
Медициналық көмек алу кезінде қандай да бір сұрақтар немесе проблемалар туындаған жағдайда емханадағы пациенттерді қолдау қызметіне хабарласу ұсынылады.
Егер жағдайды жергілікті жерде шешу мүмкін болмаса, онда өтінішті медициналық сақтандыру қорына жіберуге немесе 70-41-23, 70-41-24 телефондары арқылы жүгінуге болады.