Павлодар облысында қызылшаның елу жаңа жағдайы тіркелді

Павлодар облысында қызылшаның елу жаңа жағдайы тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Соңғы 10 күн ішінде аурудың өсімі қатты байқалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бүгінде өңірде 186 қызылша ауруы расталған науқас тіркелді. Айдың басында ғана науқастардың саны 80-ге жеткен болатын. Ал айдың ортасында аурудың күрт өршіп кетуі байқалып, 15 қараша күні жаңа 136 жағдай тіркелген болатын. Яғни, соңғы он күн ішінде 50 науқасқа көбейді  деген сөз. 

– Оның ішінде Екібастұзда– 92, Павлодарда– 57, Ақсуда – 25 жағдай тіркелді. Ал аудандар арасында қызылша диагнозы  Баянауыл, Ақтоғай, Успен, Май, Железинка,Тереңкөл ауданындарында расталды,– деп атап өтті департаментте. 

Бүгінде облыс бойынша 12 мектепте қызылшаның 17 жағдайы, ал 15 мектепке дейінгі ұйымда қызылшаның 39 жағдайы тіркелген. 

Айта кетейік, биыл эпидемиологтар қызылша ауруы расталған алғашқы науқасты  наурыз айында анықтады. Былтыр тек қана бір жағдай расталған еді. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, халықты иммундау үшін вакцинаның қосымша көлемін сатып алуды пысықтады. Жалпы, қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін ҚҚП-ға қарсы вакцинаның 1,5 миллион астам дозасы сатып алынды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірге қызылшаға қарсы вакциналарды қараша айының аяғында желтоқсан айының басында 25 мың доза мөлшерінде жеткізу жоспарлануда.