Павлодар облысында үй жануарларына тегін чип салдыруға ниет білдірушілер жоқ
Ветеринар мамандар тұрғындардан өз жануарларын есепке алуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2023 жылдың қыркүйегінде жануарларды міндетті түрде чиптеу туралы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Халықты ынталандыру үшін бірден үй жануарларын сәйкестендіру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Оған сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, көпбалалы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар өздерінің мысықтары мен иттерін мемлекет есебінен тіркей алады.
Әрбір чиптелген үй жануарлары міндетті түрде «Тanba» жануарларды есепке алу ақпараттық жүйесіне енгізіледі және бұл оның иесі үшін қауіпсіздік кепілдігінің бір түрі. Мысалы, ветеринарлық клиникада сапасыз қызмет көрсету кезінде.
– Өңірде үй жануарларын тегін чиптеуге ниет білдірушілер жоқ,– деді облыстық ветеринария басқармасында. – Чиптеуге қарсы көрсетілімдер жоқ деуге болады. Мысық немесе итке кішкентай чип салдырады. Процедура тез және ауыртпалықсыз өтеді. Бірыңғай ұлттық есепке алу тізілімінде міндетті тіркеу жануарлардың жерін тез анықтау, ұрлану мен жоғалу қаупін болдырмау үшін қарастырылады.
Үй жануарларын бірыңғай базада тіркеуден бас тартқаны немесе заңның осы талабын елемегені үшін 36 мың теңге сомасында айыппұл көзделген.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бұл қызмет мемлекет есебінен төленеді. Айта кетейік, ветеринарлық клиникалардағы орташа тариф – 4-5 мың теңгені құрайды.
Әлеуметтік осал санаттағы үй жануарларының иелері үй жануарларына Қамзин көшесі, 352/1 мекенжайы бойынша чип салдыра алады. Қосымша сұрақтарды 57-72-07 нөмірі арқылы қоюға болады. Дәл осындай қызмет Павлодар өңірінің барлық қалалары мен аудан орталықтарында көрсетіледі.