Ауыр көтерген: Павлодарлық тұрғын екінші рет пышаққа түсті
Жыныс мүшесінің пролапсы – орта жастағы әйелдер арасында жиі кездесетін ауру, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала тұрғыны Павлодар теміржол ауруханасына бұлшықет-байлам аппаратының әлсіреуіненжамбас мүшелерінің бұзылуы – қынап пен тік ішектің қабырғалары түсіп кетуіне байланысты жүгінген. Алғаш рет 2018 жылы хирургиялық араласу қолданылған, бірақ осы жылықайта ота жасатуға тура келген.
Науқас Татьяна Солдатенко ұзақ уақыт бойы жұмыста ауыр заттар көтергендіктен, қиындықтарға тап болғанын айтып берді.
– Пролапс физикалық жұмысты көп істегендіктен пайда болды. Көп күткен жоқпын. Өткен аптада сараптама тапсырдым да кеше пластикалық ота жасалды, – деді науқас. – Дәрігерлерге қамқорлық пен ілтипат үшін алғыс айтамын.
Теміржол ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Александра Ефимованың айтуынша, қазіргі таңда мұндай аурулар жастар арасында көп кездеседі.
– Бұрын 70-80 жастағы егде жастағы әйелдерге ота жасасақ, қазір 30 жастағы әйелдерге де ота жасайтын болдық. Біздің бөлімнің статистикасын алатын болсақ, өткен жылы 800 ота жасадық, оның 174-інде зәрді ұстай алмау, жыныс мүшелерінің түсіп кетуіне байланысты дертке шалдыққан адамдарға жасалды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 395 ота жасалса, оның 70-і осы бағытта болды, – деді Александра Ефимова.
Бұл диагноздың себептері әртүрлі:
- Қандағы коллаген мөлшерінің төмендігі;
- Ауыр заттарды көтеру;
- Акушерлік қысқышты қолдану арқылы ауыр босану;
- Көп жүктілік;
- Аз қозғалыс.
– Біздің бөлімшеде бедеулікке де ота да жасаймыз. Зәр ұстамау дертіне торлы протездер арқылы үш деңгейлі гибридті хирургиялық ота жүргізіледі. Науқастың тінін пайдаланып, қынапты қалпына келтіреміз. Мүшені сақтай отырып, жатырдың ішкі қабатына да ота жасай аламыз, – деді дәрігер.
Отадан кейін әйелдер дәрігерлердің бақылауымен бір ай ішінде қалпына келеді. Науқас диета сақтап, дәретханаға дұрыс баруын бақылауы тиіс және физикалық белсенділіктен аулақ болған дұрыс.
Сақтандырусыз кіші жамбасқа ота жасатудың құны – жарты миллион теңге. Бірақ МӘМС бойынша барлық операциялар тегін жүргізіледі. Ал гинекологиялық ота жасау үшін теміржол ауруханасына әйелдер консультациясы арқылы жүгінуге болады.