Павлодарлықтар көкжөтелді көбінесе әріптестерінен жұқтырады
Облыста жыл басынан бері жұқпалы аурудың 11 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көкжөтел – тыныс алу жолдарына әсер ететін өткір жұқпалы ауру, вакцинацияға негізделген бактериялық инфекция.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көбінесе жасөспірім балалар мектепте (39 пайыз), достарынан (39 пайыз), отбасы мүшелерінен (он пайыз), ал ересектер әріптестерінен (42 пайыз), отбасында (32 пайыз), достарынан (14 пайыз) жұқтырады. Олар инфекция көзінің кең таралуын қамтамасыз етеді. Көкжөтелмен науқаспен тығыз отбасылық байланыста болған адамдардың 90-100 пайызы, оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар ауырады.
– Ұзақ, яғни, екі аптадан астам және үш-төрт айға дейін күніне 15 немесе одан да көп жөтел ұстамасы бар ауыр жөтел, ұйқының бұзылуы, тәбеттің төмендеуі, жалпы жағдайдың нашарлауы –көкжөтелге тән белгілер, – дейді басқармада. – Ауру бастапқыда жеңіл түрде мұрынның бітелуінен, дене қызуының жоғарылауынан басталады.
Инкубациялық кезең үш күннен 14 күнге дейінгі уақытты құрайды.
Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес екі, үш, төрт айлық балаларды вакциналау және 18 айлық балаларды аралас вакциналар құрамында жасушасыз көкжөтел компоненті бар вакциналармен ревакцинациялау жүргізіледі.
–Сондай-ақ, көкжөтелге қарсы ревакцинация жасушасыз көкжөтел компоненті бар көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы адсорбцияланған вакцинаға (АбКДС) вакцинамен мектепке барар алдында алты жаста егіледі, – дейді ведомствода. – Вакциналаудан кейін дене қызуының жоғарылауы, мазасыздық, инъекция орнында – инъекциядан кейінгі инфильтрат болуы мүмкін.
Айта кетейік, елімізде көкжөтелмен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады. Алматы, Қостанай, Атырау облыстарында көкжөтелден үш адам қайтыс болды.